ШұғылСоңғы бір аптада коронавирустан 54 қазақстандық қайтыс болды

Алматы облысында аңға шығып, сиыр атып алғандар ұсталды

Іле өзенінен балық аулау кезінде олар қабан, кейінірек сиыр атып алған

Алматы облысында браконьер-мал ұрылары ұсталды. Браконьерлер ауыл адамдарының сиырын түнде атып алған.

Таңғы сағат 04.00 шамасында Ақши ауылдық округінде жедел ақпаратты тексеру кезінде Іле аудандық ПБ-нің учаскелік полиция инспекторы Алматы қаласының 47 жастағы тұрғынының басқаруында болған Toyota Land Cruiser маркалы автокөлігін тоқтатқан. Салонда жүргізушіден өзге тағы екі жолаушы болған. Көлікті тексеру кезінде тәртіп сақшылары бассыз сиыр еті мен жабайы қабан етін тапқан.

Көлікте тіркелмеген екі аңшы мылтығы да болған.

Ұсталғандардың айтуынша, Іле өзенінен балық аулау кезінде олар қабанды, кейінірек сиырды да атып алған. Сауын сиырдың ішектері мен бас-сирағы айғақ ретінде ауыл сыртынан табылған.

«Сиырдың иесі полицияға сағат 17. 10 шамасында ірі қара малының жоғалғаны туралы арызданған. Тұрғын сиырының ұрланғанын полицейлерден естіп білді. Заңсыз аң аулау және мал ұрлау деректері ҚР ҚК 188-1-бабы 2- бөлігінің 1-тармағы және 355- баптың 1-бөлігі бойынша тіркелді. Ұсталғандарға қатысты сотқа дейінгі тергеу кезеңінде сот күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын қолданды. Автокөлік сот шешіміне дейін арнайы тұраққа қойылды. Күдіктілердің басқа да ашылмаған қылмыстарға қатыстылығы алдағы уақытта тексерілетін болады», - деді Алматы облысы ПД ресми өкілі Ақбота Әзірбек