$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
20.10.2020, 21:28
Оқиғалар

«Кінәлілер жазаланады»: Даниял Ахметов Үржар полициясындағы өлімге қатысты пікір білдірді

Облыс басшысы марқұмның отбасына арнайы барып көңіл айтты

«Кінәлілер жазаланады»: Даниял Ахметов Үржар полициясындағы өлімге қатысты пікір білдірді

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Үржар ауданына арнайы барып, Мақаншы ауылындағы полиция бөлімінде қайтыс болған Азамат Оразалының отбасына барып көңіл айтты. Бұл сапары жайлы облыс әкімі өзінің Facebook-парақшасында жазды.

«Бүгін жұмыс сапарымен Үржар ауданына арнайы бардым. Осыдан бірер күн бұрын Мақаншы ауылындағы полиция бөлімшесінде қайтыс болған марқұм Азамат Оразалының анасына, отбасына барып көңіл айттым. Тас түскен жеріне ауыр, сондықтан туған-туыс, бауыр, жора-жолдастарының қайғыларына ортақ екенімізді, бұл жағдай Үкімет басшысының жеке бақылауында екенін жеткізгім келеді», - деп жазды Даниал Кенжетайұлы.

Ол сондай-ақ қазіргі уақытта ауданда облыс прокуроры, Полиция департаментінің басшысы бастаған арнайы топ тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізіп жатқанын атап өтті.

«Тергеу барысы заң талабына сай, әділ, ашық және жариялы түрде өтеді. Мен алдағы күндері ауданға тағы да келемін. Кінәлі тұлғалар заң бойынша қарастырылған жазасын алады. Кездесуге келген Мақаншы және Қаратұма ауылдары ақсақалдары мен тұрғындарының талап-тілегі де осы», - деді облыс басшысы.

Марқұмның анасы Гүлнар Бөлекбаева арнайы келген облыс әкіміне кінәлілердің әділ түрде жазасын алып, сот алдында жауап беруін сұрады. Даниал Ахметов бұл істі алдағы уақытта назарда ұстайтынын айтып, уәде берді.

Еске салсақ, 16 қазан күні мал ұрлады деген күдікпен Қаратұма ауылының тұрғыны Азамат Оразалыны полиция қызметкерлері ішкі істер бөліміне алып кеткен. Алайда, көп ұзамай сол күні 33 жастағы азамат полиция бөлімінде қайтыс болғаны хабарланды. Осы қайғылы оқиғадан кейін полиция бөліміндегі күдіктінің өліміне қатысты іс бойынша ішкі істер органдарының үш қызметкері ұсталды. Сонлай-ақ, Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің бастығы, полковник Сағат Мәдиевтің бұйрығымен Үржар ауданы полиция бөлімінің екі басшысы ішкі істер органдарынан босатылды.  

 
Серіктес жаңалықтары