Павлодарда 26 жастағы әйелді ұрып-соққан жігітке қатысты қылмыстық іс қозғалды
Полиция келіншектің жалдамалы пәтерге өз еркімен барғанын және арызданудан бас тартқанын айтты

Әлеуметтік желіні шулатқан тағы бір жағдай Павлодардан тіркелді. 26 жастағы келіншек жүріп жүрген жігітінен таяқ жеп, зорлық көргенін айтқан. Бірақ полиция жігітке қарсы қылмысты іс қозғамапты. Өйткені, қыздың өзі арызданудан бас тартқан, деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.
Оқиға қазанның 11-і күні болған. Нан алуға шыққан келіншекті, жүріп жүрген жігіті жалдамалы пәтерге алып кетіпті. Артынан жәбір көруші ол жерден қашып шығып жедел жәрдем шақыртқан көрінеді. Алайда, жігіт оны дәрігерлер көлігінен де алып кеткен. Келіншек жігітінен екі күн зорлық көріпті.
«Қазанның 14-інде түнгі уақытта келіншек дауыстап көршілерден көмек сұраған екен. Көршілері полиция шақырыпты. Қылмыскер есікті ашпаған соң, оны бұзуға тура келген. Жәбірленуші полицейлерге өзін мұның алдында бірнеше мәрте осылай ұрланғанын және зорлық көргенін айтыпты», - деді «Не молчи» қоғамдық қорының жетекшісі Дина СМАЙЫЛОВА.
«Не молчидің» қорының сөзін полиция теріске шығарып отыр. Олардың сөзіне сенсек, оқиға басқаша өрбіген. 26 жастағы келіншек жалдамалы пәтерге өз еркімен барған және полицияға арызданудан бас тартқан. Бұл бейнежазба полицияда тіркелген.
Осылайша, жәбірленуші шағымданбапты. Ал артында тұрып «Арыз жаз» деген қыздың анасы көрінеді. Осыдан кейін барып полицияда іс тіркелген» деді «Не молчи» қоғамдық қорының жетекшісі Дина Смайылова.
«Аталған іс бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 126-шы және 120-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Сараптама жасалып, істің мән-жайы анықталып жатыр», - деді Павлодар облыстық ПД ресми өкілі Жанна БІЛӘЛОВА.
Дәрігерлер «Келіншектің қазір жағдайы жаман емес» деп отыр. Жақында ол ауруханадан шығады.
Жәбірленушінің анасы сұхбат беруден бас тартты. Мән-жайды қыздың өзінен де біле алмадық. Белгілісі, келіншектің осы жігіттен 7 апта бұрын жүкті болып қалғаны. Бұдан бөлек, оның кәмелеттік жасқа толмаған тағы екі баласы бар.