ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 794 адамнан коронавирус анықталды

Түркістан облысында такси жүргізушісінің өртенген денесі табылды

Жергілікті тұрғын ағасының жұмыстан сол күйі оралмағаны туралы арызданған

Түркістан облысында адам өлтіріп, көлік тонаған қаныпезер топ қолға түсті, деп хабарлайды Polisia.kz.

Ордабасы АПБ кезекші бөліміне жергілікті тұрғын ағасының «Мазда-626» автокөлігімен жұмыстан шығып, әлі күнге дейін үйге қайтып келмегені туралы арызданған.

Із-түзсіз жоғалған адамды іздеу шаралары барысында жоғалған адамның автокөлігі Шымкент қаласының шетінен табылған.

Кейіннен полицейлер жүргізушінің өртенген мәйітін Ордабасы ауданы Шұбарсу ауылының маңынан тапты.

Ауыр қылмысты ашу мақсатында криминалдық полиция мен тергеудің тәжірибелі қызметкерлерінен тұратын жедел-тергеу тобы құрылды. Жедел уәкілдер қылмыс орнын мұқият тексеріп, өлтірілген адамның таныстарын, олармен қарым-қатынасы мен өмір салтын зерделеді. Жақын маңдағы аумақтарды аралап, куәгерлермен сұхбаттасып, қажетті ақпараттарды жинақтады.

Бір аптадан кейін жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Түркістан облысының ПД криминалдық полиция қызметкерлері, Ордабасы АПБ және «Бүркіт» арнайы жасағы ішіндегі адамдардың осы қылмысқа қатысы бар деген күдікпен Жамбыл облысынан келе жатқан «ВАЗ» автокөлігін ұстады.

Олар Түркістан облысы мен Шымкент қаласының бұрын бірнеше рет сотталған тұрғындары болып шықты. Төртеуі де жас жігіттер.

«Тергеу барысында күдіктілердің екеуі Шымкент қаласы көшелерінің бірінде жәбірленушінің көлігін тоқтатып, белгілі бір мекенжайға апарып тастауды сұрағаны, діттеген мекенжайға келгеннен кейін қаскүнемдердің жүргізушіге пайдакүнемдік мақсатта шабуыл жасап, тұншықтырып, оның ұялы телефонын алып кеткені, ал мәйітті далаға шығарып өртегені анықталды», - делінген ақпаратта.

Қаскүнемдер бұл қылмысымен тоқтап қалмай, тағы екі серіктесімен бірге Ордабасы ауданындағы тасжолда «ВАЗ» автокөлігінің жүргізушісіне шабуыл жасап, 45 мың теңгелік барсетканы күшпен тартып алған.

Қазіргі уақытта аталған фактілер бойынша ҚР ҚК-нің 99-бабы (Адам өлтіру)  және 191-бабы (Тонау)  бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Күдіктілер қамауға алынды. Полиция қызметкерлері ұсталғандардың басқа да осындай қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтап жатыр.