Шымкент тұрғыны екі баласын қамап, газ баллонын жарып жібермек болған
Мұндай қадамға ол отбасындағы кикілжіңнен кейін барған
Шымкентте ішімдік ішкен ер адам отбасылық кикілжіңнен кейін екі баласын бөлмеге қамап, газ баллонын жарып жібермек болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі қалалық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Учаскелік полицияның «101» пультіне хабарласқан адам Еңбекші ауданының тұрғыны өз-өзіне қол жұмсағысы келетінін хабарлаған. Оқиға орнына келген өрт сөндірушілері 42 жастағы үй иесінің мас күйде суицид жасамақ болғанын анықтаған. Ол отбасылық жанжалдан кейін 50 литр газ баллонын ашып, 4 және 8 жастағы екі баланы бөлмеге қалдырған», - деп жазылған хабарламада.
Құтқарушылар бөлмеге жүгіріп кіріп, газ баллонының кранын жапқан. Баллонды далаға шығарып, балаларды қауіпсіз жерге эвакуациялаған. Балалар анасымен бірге үйінде қалды. Ал үй иесін Еңбекші ауданының полиция қызметкерлері алып кетті.