Шұғыл26 қазаннан бастап Қазақстанға ұшып келген жолаушылардың бәрінде ПТР анықтамасы болуы керек

Қазақстан шекарасынан заңсыз өтпек болған қырғызстандықтар ұсталды

Шекарашылар мемлекеттік шекарадағы бақылау іс-шараларын күшейтті

 
Фото: ҚР ҰҚК баспасөз қызметі

Шекара қызметінің Жамбыл облысы бойынша департаменті қырғызстандық азаматтардың ҚР Мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өту әрекетін болдырмады.

ҚР ҰҚК баспасөз қызметінің мәліметінше, шетелдіктер 15 қазан күні Жамбыл облысы «Қарасу» өткізу пунктінен заңсыз өтіп кетпек болған.

Шекара наряды «Мерседес-бенц» автомашинасын тексеру барысында автомашинаның салонынан төлқұжаттық бақылаудан жасырынған және шекараны тіркеусіз кесіп өтуге тырысқан Қырғыз Республикасының 6 азаматын тапты.

Автомашина жүргізушісі мен Қырғызстанның 6 азаматы ұсталып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өтуге әрекет жасағаны үшін қылмыстық іс қозғалды.

Бұл жыл басынан бері қолданыстағы карантиндік шектеулер жағдайында Шекара қызметінің әскери қызметшілері тоқтатқан шекараны заңсыз кесіп өтудің алғашқы әрекеті емес екенін атап өту керек.

«Қалыптасқан жағдайды ескере отырып, шекарашылар мемлекеттік шекараны бұзушыларды анықтау мақсатында мемлекеттік шекарадағы бақылау іс-шараларын күшейтті», - делінген хабарламада.