Министрлік Шонжыдағы 1,2 млрд теңгеге салынып жатқан спорт кешенінің қирау себебін түсіндірді
Комитет құрылыстағы апатқа жол берген тұлғаларды жауапқа тартуды сұрады

22 қыркүйекте Алматы облысы Ұйғыр ауданында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында салынып жатқан спорт кешенінің бір бөлігі құлап қалғаны хабарланды. Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің тапсырмасы бойынша оқиға орнына Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтының мамандары жіберілген.
Мамандар Ұйғыр ауданының Шонжы ауылындағы құлаған дене шынықтыру-сауықтыру кешенін жедел тексеруді аяқтады.
«Апат «9» және «10» осьтері бойынша фермаларда басталған. Апат цемент-құм төсенішінің жүктемесі олардың жобалық мәнінен асып кетуінен болған. 3 блокта болған апат себептерінің бірі - бекітілген жобалық шешім кезіндегі ауытқу», - делінген комитеттің хабарламасында.
Комитет Алматы облысының әкімдігіне қолданыстағы заңнаманың бұзылуына жол берген тұлғаларды (мердігер, техникалық және авторлық қадағалау) жауапкершілікке тарту туралы тиісті хат жолдады.
Шонжы ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің үшінші блогы 21 қыркүйек күні сағат 11.00-де құлаған. Құлаған блоктың ауданы 1058,4 шаршы метрді құрады. Ғимараттың бірінші және екінші блоктарына әсер етпеген. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ.