Қарағандыда пәтер өртінен 2 әйел мен нәресте көз жұмды
Қарағанды облысының әкімі өрттен қаза тапқандардың туыстарына көңіл айтты
Қарағанды қаласында көппәтерлі үйдің 9-шы қабатындағы пәтер өртеніп, соның салдарынан екі әйел мен жасқа толмаған нәресте көз жұмды. Бұл туралы облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, 7 қазан күні сағат 15:08 кезінде қаланың Ермеков көшесі, 52 мекенжайындағы өрт туралы хабарлама келіп түскен.
Қызыл жалын 9-шы қабаттағы екі бөлмелі пәтердің 50 шаршы метр аумағын шарпыған. Департамент қызметкерлері кіреберіс пәтерлерден 6 адамды (оның ішінде 4 бала бар) құтқарды. Сондай-ақ 18 адам (оның ішінде алтауы - бала) эвакуацияланды.
«Өртенген пәтерден үш адамның денесі табылды. Олар: 1942 және 1985 жылы туған әйелдер мен 2020 жылы туған нәресте. Өрт 16:22 шамасында толық сөндірілді», - делінген хабарламада.
Алдын ала болжам бойынша, өрттің тұтануына электрлі жылытқыш себеп болған. От жақын жерде тұрған тез тұтанғыш материалдарға, оның ішінде киім мен пердеге тигендіктен, пәтер жылдам жалынға оранған деген болжам айтылуда.
Оқиға орнына департаменттің 32 қызметкері, 8 техника және Апаттар медицинасы орталығының бригадасы жұмылдырылған.
Айта кетерлігі, осы қайғылы оқиғаға байланысты Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек өрттен қаза тапқандардың отбасына, жақын туыстарына көңіл айтып, тұрғындардан балаларын үйде жалғыз қалдырмауды сұрады.
«Осы ретте өртке қарсы қауіпсіздік шараларын сақтаудың маңыздылығын тағы да еске салғым келеді. Әсіресе, қазіргідей балаларымыз үнемі үй жағдайында болған кезеңде, электр аспаптары мен пештерді мүмкіндігінше қауіпсіз пайдалану керек. Барлық жауапты органдарға желілер мен қоғамдық орындарды қауіпсіздік нормаларына сәйкестігі тұрғысынан тағы да тексеру жүргізуді тапсырамын. Қыс маусымында өрт қаупі артатыны белгілі», - деп жазды Жеңіс Қасымбек өзінің Facebook-парақшасында.