Елордаға шетелден ұшып келген 2 жолаушы депортацияланды

ПТР-тест нәтижесі жоқ 123 жолаушы оқшауланды

Елордаға шетелден ұшып келген 2 жолаушы депортацияланды
Фото: nn-airport.kz

Бүгін Нұр-Сұлтан әуежайына бортында 521 жолаушысы мен 48 экипаж мүшесі бар Scat, Веlavia және Air Astana әуе компаниясының ұшақтары келіп қонды.Олар Шарм-эль-Шейх (чартерлік), Минск, Дубай Және Ыстамбұл қалаларынан ұшып келген.

ПТР-тесті болмаған 123 жолаушы ауруханаға жатқызылды. Түркиядан және Беларусьтан келген екі жолаушы депортацияланды. Жолаушыларда жоғары дене қызуы болмаған. ПТР-тест тапсырғаннан кейін жолаушылар үйлеріне жіберіледі. Егер тест оң нәтиже көрсеткен жағдайда, инфекциялық ауруханаға жатқызылады.

Естеріңізге сала кетейік, 5 қазаннан бастап Қазақстанда жаңа шектеулер енгізілді.

Екінші санаттағы елдерден келетін адамдар үшін термометрия, сауалнама жүргізу, үш тәуліктен аспайтын коронавирус тесті туралы анықтаманың болуы сияқты міндетті талаптар белгіленген. Анықтама болмаған жағдайда, шетелден келгендер COVID-19-ға зертханалық тексеру жүргізу үшін стационарда екі тәулікке дейін оқшауланады.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.