Петропавлда сауық кешін ұйымдастырғандар жауапқа тартылды
Оқиға орнына келген полицейлер 42 адамды ұстаған
Петропавлда жалдамалы коттеджде сауық кешін ұйымдастырған топ әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Карантин талаптарына қарамастан бас қосып, сайран құрған жастардың әрекеті жайында көрші үйдің тұрғындары полицияға хабарлаған. Үй иесі де заң алдында жауап береді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Оқиға орнына келген полицейлер 42 адамды ұстаған. Оның 12-сі кәмелеттік жасқа толмаған. Сауық кешіне қатысушылардың көпшілігі «Инстаграм» парақшасында жарияланған шақыру арқылы жиналғанын айтқан.
12 жасөспірім Петропавл қалалық Полиция басқармасына жеткізіліп, кейін ата-аналарына тапсырылған. Олардың заңды өкілдеріне қатысты материал жиналды. Ал мас болған 3 баланың ата-анасы балаларының қоғамдық орында спирттік ішімдік тұтынғаны үшін жауап береді. Басқосуға келген ересектер карантин талаптарын бұзғаны үшін заң алдында жазасын өтейді. Тыныштықты сақтамағаны үшін тағы 14 хаттама толтырылған.
«Коттедж қожайындарына қатысты заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқаны үшін шара қолданылады. Қала тұрғындарының көбі осындай нысандардың кесірінен жапа шегеді, тыныштығы бұзылады. Олар қарапайым санитарлық шараларды сақтамайды. ОЛХ сынды басқа да жарнамалық платформаларда «кәсепкерлердің» белсенділігі артты. Олардың қызметін тексеріп, заң шеңберінше әрекет етеміз. Осы оқиға балаларын бақылаусыз жіберетін басқа ата-аналар үшін сабақ болуы шарт», - дейді СҚО Полиция басқармасының бастығы Марат Төлебаев.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, екі қабатты үй Петропавл қаласының 48 жасағы тұрғынына тиесілі. Оның әрекеті жайында Петропавл қалалық мемлекеттік кірістер басқармасына материал жіберілді. Ал коттедждің әкімгері қызметін атқарушы әйелдің мас болғаны сонша, полицейлерге жауап бере алмаған. Өзі шу шуғарып, агрессия танытқан. Уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына орналастырылған әйел де карантин талабын бұзғаны үшін жауапқа тартылмақ.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО