Сәтбаевта 5 жасар қызды зорлады деп айыпталған ер адам өлі күйінде табылды
Ол өзіне қол жұмсаған
Қарағанды қаласындағы тергеу изоляторында Сәтбаев қаласында 5 жасар қызды зорлады деп айыпталған ер адамның денесі табылды. Бұл туралы Қарағанды облысы қылмыстық атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Оқиға орнына келген жедел жәрдем ер адамның қайтыс болғанын анықтады.
«Өлімнің алдын ала себебі – суицид. Тексеру кезінде ер адамның денесінен қандай да бір дене жарақаттары анықталған жоқ», - делінген хабарламада.
Бұл факт сотқа дейінгі тергеулердің бірыңғай реестріне тіркелді. Оқиға орнына Қарағанды полиция басқармасының жедел тергеу тобы келді.
Қылмыстық атқару жүйесі департаменті қызметтік тексеру тағайындады.
Еске салайық, Сәтбаевтағы бұл оқиға 23 шілде түнгі уақытта болған еді. Алдымен жоғалып кеткен 5 жасар қызды бүкіл қала болып іздеген. Кейін кішкентай қыз қаладағы пәтерлердің бірінен табылды. Оның жанында ересек ер адам болған. Күдіктінің үстінен «адам ұрлау» және «кішкентай баланы зорлау» бабымен қылмыстық іс қозғалды. Ал қала тұрғындары болса полицейлерден күдікті ер адамды беруді талап етіп, тәртіпсіздік жасады. Салдарынан үш автокөлік өртеніп, бірнешеуіне зақым келген.