Демалыс күндері елордада көлікті мас күйінде жүргізген 38 адам ұсталды
Коммуналдық айып тұрағына 49 көлік жеткізілді
Елордада демалыс күндері мас күйде көлік тізгіндеген 38 адам ұсталып, олардың бәрі ұзақ уақытқа дейін көлік жүргізу құқығынан айырылды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.
«Мас жүргізуші – қылмыскер» атты шара аясында өткен демалыс күндері Нұр-Сұлтан қаласында жол ережесін бұзған 743 адам ұсталған. Оның 38-і көлікті мас күйінде айдағаны анықталған. Коммуналдық айып тұрағына 49 көлік жеткізілген.
Мәселен, жексенбі күні түнгі сағат екі жарымда Ж.Нәжімеденов пен Ш.Қалдаяқов көшесінің қиылысында «ГАЗ 3302» автокөлігін тоқтатып, автокөлік тізгіндеген 18 жастағы жігіттің мас екені белгілі болды. Жас жігіт медициналық куәландырудан өтіп, дәрігердің қорытындысы бойынша жүргізуші жеңіл дәрежеде мас болғаны анықталған.
Ұсталған жүргізушілерге қатысты Әкімшілік кодекстің 608-бабы 1-бөлігі (жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, олардың көліктері коммуналдық айып тұрағына апарылды.
Сот қаулысына сәйкес, ұсталған азаматтардың бәрі 7 жылдан 15 жылға дейін көлік жүргізу құқығынан айырылды.