Шымкентте үш баланың өліміне себепкер болған дезинсектор сотталды

Жәндіктерді улаймын деп балаларды өлтіріп алған жұмысшы енді 5 жылын түрмеде өткізеді

Үш бүлдіршіннің уланып өлуіне кінәлі деп айыпталған дезинсектор 5 жылға сотталды. Бұл туралы otyrar.kz сайты хабарлады.

Балалардың өлімімен аяқталған қайғылы жағдайдың бірі өткен жылдың қарашасында болса, екіншісі ақпанда болған еді. Белгілі болғандай, олардың өмірмен қоштасуына жәндіктерді улайтын құрал себеп болған. Ал оны дезинсектор балақайлар көрші тұрған пәтерге шашқан екен.

Үш баланың өліміне кінәлі деп айыпталған дезинсекторға ақыры сот үкімі шықты. Жәндіктерді улаймын деп балалардың өліміне себепкер болған жұмысшы енді 5 жылын темір торда өткізеді. Бұл туралы бүгін онлайн өткен сот отырысында айтылды. Айыпталушы қылмысты абайсызда жасады деген сот оның кәмелетке толмаған балалары барын ескеріп, ең жеңіл жазаны қолданғанын айтты.

«Сотқа дейінгі тергеп тексеру барысында жинақталған құжаттардың, дәлелдердің жиынтығымен оның кінәсі толығымен дәлелін тауып отыр. Үш жасөспірім баланың қаза болғанын, кінәсін мойындамағанын, өз әрекетіне өкінбегені, жәбірленушілер кешірім бермегенін ескеріп, бұл екінші эпизоды бойынша, кешірім беріп отырған жоқ, тек бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып отыр. Және ол жазаны сот әділ жаза деп есептейді», - деді Еңбекші аудандық сотының төрағасы Айдос Сұлтанов.

Еске сала кетейік, қайғылы жағдайдың алғашқысы осыдан бір жыл бұрын болса, екіншісі жыл басында болған еді. Пәтердегі жәндіктерді улауға келген жұмысшы қызметінен кейін көрші пәтердегі бүлдіршіндер жан тапсырған. Оқыс жағдайдан кейін екі бірдей баласынан айырылған отбасына енді сотталушы 5 млн теңге берешек болды. Ал у кесірінен 8 айлық баласынан айырылған екінші жанұя азаматты кешіріпті. Десе де, бұл үкіммен сотталушының жұбайы келіспей отыр.

«Көрші пәтерге жасадық. Бірақ біз бейсенбі жасадық, олар сенбі кірді. Ал бұл кісілер жексенбі күні уланып отыр. Олар  кішкентай баласымен кірген, тағы желдетпеген де,  кіріп кеткен, болды. Бірақ уланған жоқ. Оларға ештеңе болған жоқ. Ал сонда ол кезде көрші қалай уланады?», - дейді сотталушының жұбайы Салтанат Жаңабаева.

Ал баласынан айырылған ата-аналар сот үкімімен еш қарсылықсыз келісетінін айтты. Бірақ тілшілерге сұхбат беруден бас тартты. Ал бас бостандығынан айрылған дезинсектор өз кінәсін сол күйі мойындаған жоқ.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.