«Nur Otan» хатшысы «Праймериз» жүйесінде не үшін қиындық туындағанын түсіндірді
Партия хатшысы дауыс берген әрбір партиялықтың нәтижесі сақталатынын айтты

Бүгін «Nur Otan» партиясы өткізіп жатқан праймериз бойынша дауыс беру басталды. Жеңіске жетуге 10 076 үміткер таласып жатыр. Қазіргі сәтте ақпараттық жүйеде 728 879 адам тіркелген.
Партия хатшысы Әлібек Әлденейдің айтуынша, дауыс беру бастапқы сәттен қарқынды өтуде. Түнгі сағат 00.00-ден таңғы сағат 04.00-ге дейін «Праймериз» жүйесіне 50 мыңдай партиялық жүгінді. Сағат 11.00-де, біз мезеттегі жүктеме 76 мыңнан астам сұранысқа жеткен.
«Техникалық мониторинг бір мезгілде дауыс беруші партиялықтар мен нәтижені бақылап отырған кандидаттармен қатар, сайтты бөгде қолданушылар да көптеп қарап отырғанын көрсетуде.
Мұның барлығы жүйеге артық салмақ түсіруге әкеледі, ол тиісінше, процессті едәуір баяулатып, сұраныстарды өңдеу уақытын ұлғайтады. Қазір біздің IT-мамандарымыз техникалық іркілістерді жою, арналардың өткізу мүмкіндіктерін арттыру шараларын қолға алуда», - деп жазды ол.
Сағат 13.00-де «Праймериз» АЖ-де 31 367 партиялық дауыс берді.
«Еске сала кетейін, бұл – Қазақстанда ел көлемінде өтіп отырған тұңғыш онлайн-дауыс беру. Сондықтан жүктеменің жоғары болу ықтималдығын ескеріп, әуел бастан дауыс беруді 3 күн, 1-3 қазан аралығында, яғни тұтастай 62 сағат өткізу туралы шешім қабылданды», - деп түсіндірді партия хатшысы.
«Дауыс беру нәтижелері» бөлімінің жаңартылуы 30 минуттан 1 сағатқа дейін уақыт алады. Бұл алгоритм жүйеге түсетін жүктемені төмендету үшін енгізілген.
«Талдау көптеген қолданушының жүйеде сағаттап отырғанын көрсетті. Сондықтан кандидаттардан және басқа да қолданушылардан жүйеге қайта-қайта кіруді тоқтата тұрып, партиялықтардың дауыс берулеріне мүмкіндік берулерін сұраймын», - деп жазды Әлібек Әлденей.
Сондай-ақ партия хатшысы ең маңызды дүниелерді атады.
Бірінші. Әрбір партиялықтың дауыс беру нәтижелері сақталады және сұраныстарды өңдеу барысына қарай міндетті түрде жүйеде көрсетілетін болады.
Екінші. Қорғаныс және шифрлау кез келген бұрмалаушылыққа жол бермейді.
«Еліміздің ең шалғай елді мекендерінің тұрғындарын қоса алғанда, партияның барлық мүшесі дауыс бере алады. Тез арада барлық мәселенің шешілетініне сенімдімін. Уақыт жеткілікті. Әрбір азамат дауыс бере алады!», - деп түйіндеді ол сөзін.