$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
30.09.2020, 17:26
Оқиғалар

Көкшетау іргесіндегі ауыл тұрғындары қазылған күйі қалған көшелерден зардап шегіп отыр

Красный Яр тұрғындары жылу уақытында берілмей ме деп алаңдайды

Көкшетау іргесіндегі ауыл тұрғындары қазылған күйі қалған көшелерден зардап шегіп отыр

Көкшетаудың іргесіндегі Красный Яр ауылы тұрғындары күздің қара суығында жылусыз қалғанына наразы. Жаз айларында көшелері қазылып, жылу құбырлары салынуы тиіс болған. Мердігер компания көшелерді түгел қопарып қазғанымен, бұл жұмыс аяқсыз қалған. Траншеялар салынғанымен, құбырлар жалғанбаған күйде қатұр. Тұрғындардың айтуынша, жаз бойы жұмысшылардың қарасы да көрінбеген.

Аяқсыз қалған жұмыс үшін алаңдап, қазылған көшелермен жүріп-тұрудан қиналған халық жергілікті әкімдікке де, облыс басшылығына да шағымданған. Бірақ әзірге іс жүзінде бәрі тоқтап тұр. Күздің суығында жылусыз қалған жұрттың мәселесін Azattyq Rýhy тілшісі білмек болды.   

«ЖАЗ БОЙЫ ЖҰМЫС ІСТЕЛГЕН ЖОҚ»

Красный Яр ауылының тұрғыны Ольга Александрова жылудың жоғынан балалары ауырып жатқанын айтты.

«Красный Яр ауылындағы бірқатар көше қазылып тасталған. Бірнешеуіне құбырлар салынған. Қалғаны қазылған күйі тұр. Жаз бойы ешбір жұмысшы болмады. Қара күз болды, жұмыс тек қыркүйекте басталды. Көп өтпей мұның бәрі езіліп, адам аяғын алып жүре алмайтын батпаққа айналады. Қазірдің өзінде үйіміз тастай суық. Балаларымыз бірінен соң бірі суық тигеннен ауырып жатыр. Түнде үй іші тіпті салқындап кетеді. Қашан жылу берілетіні әлі белгісіз. Мына қазылған шұңқырлардағы құбырлар жалғанып, жөндеу аяқталмайынша жылу да жоқ... Індет дендеп тұрғанда пневмонияға шалдығып қаламыз ба деген қауіп бар. Мектепте де суық. Билікке бірнеше мәрте шағымдандық, бірақ еш нәтиже жоқ», - дейді Красный Яр селосының Ольга Александрова есімді тұрғыны.

Жер үйлерде тұратындар ауласына көлігін кіргізе алмай әлекке түсіп жүр. Қазылған траншеялардың арасында өткел болмағандықтан, көлік далада қалады. Үй жылытатын көмірді әкелу де мұңға айналған.

«Маған жылу қосқанының қажеті де жоқ. Мен үйге көмір әкеле алмай отырмын. Өйткені, қазылған траншеялардан көлік өте алмайды. Тіпті, өз көлігімізді де үйге әкеле алмаймыз. Қазылған шұңқырлардың үстінен үйге қарай өту үшін тақтайды өзіміз қойдық. Жұмыс күндері де жөндеу жүргізіп жатқан ешбір жан табылмайды. Үйдің маңы - қазылған шұңқырлардан шығарылған топырақ үйіндісі. Мұның қашан реттелетінін білмейміз», - дейді Марина Николаева есімді тұрғын.

Тұрғындар қазылған жерлерде қауіпсіздік ережелері ескерілмегеніне алаңдайды.

«Бәрі өзіміз үшін жасалып жатқандықтан көнеміз, ары қарай да шыдауға дайынбыз. Дегенмен, селодағы көше бойларында қазылған траншея шұңқырларында қоршау немесе жұмыстар жүргізіліп жатқаны туралы белгі қойылмағаны алаңдатады. Өткелдердің орнына тілдей ғана тақтайлар қойылған. Ал ол сынып кетіп, кішкентай балалар немесе ересек қария адамдар тайып құласа, не болмақ? Түнде не күтіп тұрғанын айтудың өзі артық. Мердігер компания бұл мәселені неге ескермеген? », - дейді Денис Груздев есімді тұрғын.

«МЕРДІГЕР КОМПАНИЯНЫ ТЕКСЕРЕ АЛМАЙМЫЗ»

Тұрғындардың талап-тілегін естіген соң, мән-жайды білу үшін ауыл әкіміне хабарласпақ болдық. Дегенмен, әкімнің ұялы телефонына жарты күн бойы хабарласқанымызбен, сөйлесу мүмкін болмады. Тұрғындарды толғандырған жайды ауыл әкімінің орынбасарынан сұрадық.  

«Тапсырыс беруші Көкшетау қалалық құрылыс бөлімі болғандықтан, біз оларды тексере алмаймыз. Білуімізше, компания бастапқыда жұмысты өз қаражатымен бастап кеткен. Кейін транзиттік материалдар уақытында келмей, біршама уақыт тұрып қалған. Қазір жұмыс жүргізіліп жатыр. Осы бір-екі күнде мектеп, аурухана, балабақша, әкімдік сияқты әлеуметтік нысандарға жылу берілмек. Ал 5-6 қазанда көпқабатты үйлерге жылу берілуі тиіс. Қазылған траншеяларды жабу, қопарылған асфальт жолдарды қалпына келтіру жұмысы қар түскенше жалғасып, қалғаны келесі жылы атқарылады», - дейді Красный Яр ауылдық округы әкімінің орынбасары Серікжан Мәкіш.

«ЖАҢА НҰСҚАУ БЕРІЛІП, ЖОСПАРЫМЫЗ ӨЗГЕРДІ»

Мердігер компания өкілі келісімшарт жеті айға жасалғанын, дегенмен жылу беруге барынша тырысып жатқандарын мәлім етті.

«Біз мемлекеттік сатып алу бойынша селода жылу жүйелерін жүргізуді наурыз айында жеңіп алдық. Жобаны жүзеге асыру үшін келісімшарт бойынша 1 миллиард 56 миллион теңге сомасында қаражат бөлінген. Алайда, дәл сол уақытта пандемия болып, құрылысты тек мамыр айында бастауға мәжбүр болдық. Келісімшарт бойынша жұмысты жүргізуге жеті ай уақыт берілген. Яғни, біз желтоқсан айында аяқтауға тиіспіз. Дегенмен, халықты жылумен қамтамасыз ету қажет болғандықтан, барынша күш салып жатырмыз. Бүгін бір мектеп пен бірнеше тұрғын үйге жылу бермекпіз. Ертең селодағы барлық әлеуметтік нысандарға жылу беруді жоспарлап отырмыз. Көпқабатты үйлер қазан айының 5-6 күндері жылуға қосылады.

Айта кететін жайт, қыркүйектің басында осы жобаға жылу магистраліне қосымша тағы 50 шақты үйді қосу туралы жаңа нұсқау берілді. Жобаны өзгерту үшін тағы 2 аптаға жуық уақыт жоғалттық. Уақыттың тығыздығына қарамастан, жылу беруге тырысып жатырмыз. Абаттандыру жұмыстарын кейін жүргізбекпіз», - дейді «Сапа құрылыс 2007» ЖШС-ның Ақмола облысы бойынша аймақтық директоры Жандос Сембаев.

Ал қалалық құрылыс бөлімі жылу жүйелерін ауыстыру жұмысы толық бақылауда екенін жеткізді. Сондай-ақ, жобаға жаңа абоненттердің қосылуынан уақыт жоғалтуға мәжбүр болғанын мойындады.

«Красный Яр ауылында жалпы ұзындығы 9 шақырым жылу жүйесі тартылуы тиіс болған. Қала және селолық округ тұрғындарының тамыз және қыркүйек айларындағы әкімдікке жазған өтінішімен, тағы бірнеше тұрғын үйге жылу қосылатын болды. Осылайша, жобаға өзгеріс енгізуге мәжбүр болдық. Яғни, қосымша материалдар алдыру, негізгі жылу магистралінен қосымша тармақтар салу сияқты жұмыс жүргізу қажет болды. Жұмыс негізгі аймақтарда жүргізілендіктен, тұрғындар оларды байқамаған болуы мүмкін. Бірақ біз күнделікті бақылап отырдық. Қазір құбырлар монтаждалуда. Бүгін су жіберіп, тексереміз. Алдағы бір-екі күнде әлеуметтік нысандарға жылу беріліп, келесі апта соңына дейін көп қабатты үйлер жылға қосылады. Жалпы, құрылыс жұмыстарына бюджеттен 1 миллиард 56 миллион теңге қаражат бөлінген. Оның 840 миллион теңгесі биылғы жылу жүйелерін жөндеуге жұмсалады. Қалған 215-220 млн теңгесі келер жылы асфальтты жөндеуге берілмек», - дейді Көкшетау қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Рүстем Сәдуақасов.

Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы

Серіктес жаңалықтары