Атырау облысында мазарды өртеп, зиратты қиратқан адамның кім екені анықталды
Ол – шырақшының туыс жамағаты
27 қыркүйекте Атырау облысы Қызылқоға ауданы Тасшығыл ауылында жергілікті тұрғындардың біреуі Мәтен қожа мазарын өртеп, маңындағы 12 зиратты қиратып кеткен.
Тұрғындардың айтуынша, молаға от қыркүйектің 27-де қойылған. Ауыл тұрғындары мен өрт сөндірушілер оны екі сағат жүріп әзер дегенде өшірген. Ауылдағылар моланы өртеген адамның бұрынғы шырақшы екенін айтып, күдіктенген еді.
Осы жағдайға байланысты Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары Айдулат Кенжебеков пікір білдіріп, мазарды өртеп, зираттарды қиратқан кім екенін айтты. Бұл туралы azh.kz хабарлайды.
«Қызылқоға ауданының бір тұрғыны ұсталды. Ол - шырақшының туыс жамағаты. Бұрын-соңды мұндай жағдай болмағандықтан тұрғындар алаңдап қалғаны рас. Тергеу барысында бұл қылмыстың себебі анықталар деп отырмыз», - деп пікір білдірді.
Айта кетейік, Мәтен қожа моласына жергілікті халық ем іздеп келеді.