Қостанайда мұз астына түсіп қайтыс болған балалардың ата-аналары жауапқа тартылады
Қайғылы оқиға Жітіқара қаласында болған
Қостанай облысында жұқа мұзда ойнамақ боп қаза тапқан қос жеткіншектің ата-анасы қылмыстық жауапқа тартылмақ, деп хабарлайды Астана телеарнасы.
Балалар ойнап жүріп абайсызда суға түсіп кеткен. Қайғылы оқиға Жітіқара қаласында болған. Шаһар орталығындағы жасанды су қоймасына батқан балаларды ең әуелі 65 жастағы зейнеткер құтқармақ болған. Кейін полицейлер көмекке келген. Олар үш баланы жағалауға алып шыққанымен, екеуі сол жерде үсіп, жан тапсырған. Ал жансақтау бөліміне жеткізілген сегіз жастағы баланың жағдайы жақсы. Енді оларды қараусыз қалдырған ата-аналар жауапқа тартылуы мүмкін.
«Бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Қазіргі уақытта қылмыстық іс шеңберінде оқиға бойынша барлық мән-жай анықталып жатыр», - деді Қостанай облыстық ПД баспасөз хатшысы Ирина Беженарь.
Құтқарушылар рейд үнемі жүргізілгенімен, балалар мен балықшылар бұған құлақ аспайды деп отыр. Дәл қазір мұздың қалыңдығы небәрі 3 сантиметр екен.
Оқи отырыңыз: Қостанайда мұз астына түсіп кеткен екі бала қайтыс болды