Текелі әкімі қоластындағы қызметкерінің жемқорлық қылмысы үшін қызметінен кетті

Автор: Azattyq Rýhy

Алматы облысының әкімі Бақтияр Өнербаевтың отставкасын қабылдады

Алматы облысы Текелі қаласының әкімі Бақтияр Өнербаев өз еркімен қызметінен кетті. Бұл туралы экс-әкім Facebook желісінде жазды.

«Мен Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» заңына сәйкес, заң үстемдігін құрмет тұтатын азамат ретінде өз еркіммен отставкаға сұранып, өтініш жаздым. Және бүгін облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы отставкамды қабылдады», - деп жазды ол.

4 жылға жуық Текелі әкімі болған Бақтияр Өнербаев қала басшысы болғанда азды-көпті атқарған жұмысына тоқталды.

«Сіздермен бірге қоян-қолтық жұмыс істеп, Текелінің өсіп-өркендеуіне, дамуына қолдан келгенше үлес қостық. Әрине, әлі күнге дейін көптеген мәселелердің түйіні шешілмегені мені де мазалайды. Бір қуантатын жайт, Текелі қаласындағы ең өзекті мәселелердің бірі болған су мәселесі жартылай шешілді, енді жалғасын таппақ. Екіншісі – экологиялық мәселе, яғни, қорғасын-мырыш зауытының қала ортасындағы өндірістік қалдығының рекультивациясы жобасы басталды, ол жылдың соңына дейін аяқталуы қажет», - деп тоқталды ол.

Қызметінен өз еркімен кеткен шенеунік болашақта Текелі қаласының ең дамыған, туристік қаланың біріне айналатынына сенімі мол екенін айтты.

Оқи отырыңыз: «Тендер алғандар көкелерімен қорқытады»

Еске сала кетейік, 2020 жылдың 9 шілдесінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік 1,5 млн теңге сомасында пара алып жатқан жерінен ұсталған Текелі қаласы әкімі аппаратының басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады.