Ақмола облысында дүкенге шыққан ер адам із-түзсіз жоғалып кетті
Ол осыдан үш ай бұрын Қарағанды облысынан көшіп келген
Аршалы ауданының Жібек жолы ауылында дүкеннен темекі сатып алуға шыққан 57 жастағы ер адам сол күйі хабар-ошарсыз кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Полиция үш күннен бері табылмай жатқан ер адамды іздеуге көмек беруді сұрайды.
Аршалы ауданы полиция бөлімінің кезекші бөлімшесіне осы жылдың 19 қыркүйегінде Жібек жолы ауылында түнгі он жарым шамасында дүкенге шыққан ер адамның қайтып оралмағаны туралы телефон хабарламасы түскен. Ер адамды іздеуге Аршалы ауданы полиция бөлімі мен жергілікті тұрғындардың, сондай-ақ Ақмола облысы мен көршіліс Қарағанды облысының жеке құрамының сарбаздары жұмылдырылған.
Тәртіп сақшыларының алғашқы іздеу шаралары барысында із-түзсіз жоғалған ер адамның осыдан үш ай бұрын Қарағанды облысы Нұра ауданы Баршино селосынан Целиноград ауданына көшіп келгені анықталды.
«Ол осы аудандағы Өтеміс ауылындағы әпкесінің үйінде тұрып, қойшы болып жалданған. Қой бағып жүріп аттан құлап, арқа тұсынан жарақат алып, Нұр-Сұлтан қаласында емделуге мәжбүр болған. Емделгеннен кейін Целиноград ауданындағы Ильинка селосында картоп алқабында жүріп, нәпақасын айырады. Ал 17 қыркүйекте Аршалы ауданындағы Жібек жолы ауылында тұратын ұлы әкесін өз үйіне көшіріп алады. Ал келесі күні күндізгі он бір жарым кезінде Марат Есімов 500 теңге алып, осы ауылдағы дүкеннен темекі алуға шыққан. Бірақ сол күйі үйіне оралмады. Ер адамда ешқандай психикалық ауытқушылық болмаған. Әрі спиртті ішімдіктер ішпейтіні белгілі болды», - дейді Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчук.
Ер адам үйден шыққан кезде қара түсті матадан тігілген күрте, қара түсті бас киім мен қара-көк түсті трико киген.
Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы