Қазақстандықтарды 1 млрд теңгеге алдаған қаржы пирамидаларына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды
Алаяқтар тұрғындарды «300%-ға дейін пайда табасыз» деп алдаған
Ішкі істер министрлігінің тергеу департаменті 2016-2017 жылдары ел аумағында Questra Holding ins, Questra World, Atlantic Global Asset Management, Five Winds Asset Managent атты қаржы пирамидасын құру фактісі бойынша Қазақстанның және басқа елдердің жекелеген азаматтарына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізуде.
Қаржы пирамидасының басшылары веб-сайттар құрып, ойдан шығарылған түрлі инвестициялық портфельдер сатқан. Алаяқтар «портфельдің мерзімі аяқталғанда 300%-ға дейін пайда табасыз» деп жалған уәде берген.
Ел аумағында алаяқтардан мыңдаған қазақстандық зардап шеккен. Келтірілген шығын көлемі – 1 млрд теңгеден астам.
Тамыз айында қаржы пирамидасы басшыларының бірі, Ресей азаматы Ольга Клейнард Беларусь елінен экстрадицияланды және сотқа дейінгі тергеу қайта басталды.
Тергеу органы Questra Holding ins, Questra World, Atlantic Global Asset Management, Five Winds Asset Managent компаниялар тобының алаяқтығы жолында зардап шеккендердің барлығын ІІМ-ге (Нұр-Сұлтан қаласы, Тәуелсіздік даңғылы, 1) немесе тұрғылықты жері бойынша Полиция департаменттеріне хабарласуды сұрайды.