Ақмолада жоғалған қыз елордада танысының үйінен табылды
Кәмелет жасына толмаған қызға ешқандай құқыққа қайшы әрекеттер жасалмаған
Ақмола облысында із-түзсіз жоғалып кеткен 15 жастағы жасөспірім қыз Аршалы аудандық полиция бөлімінің тұтас жеке құрамын аяғынан тік тұрғызды. Бес күн бойы табылмаған қыз елордадағы танысының үйінен табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жасөспірім қызды жедел іздестіру шараларына тәртіп сақшыларымен қатар жергілікті полиция қызметі, криминалды полиция бөлімі мен ерікті азаматтар да жұмылдырылған.
«Аршалы ауданындағы ауылдардың бірінің тұрғыны қызының үйінен шығып кетіп, қайтып оралмағаны туралы қыркүйектің 10-ы күні аудандық полиция бөліміне арыз берген. Полиция дереу әрекетке көшіп, дабыл берілісімен Аршалы аудандық полиция бөлімінің жеке құрамы түгел іздеуге кірісті. Қыздың анасы полицияға хабар берген сәтте оның қайда кеткені ешкімге беймәлім болған. 15 жастағы қыздың сол күйі ата-анасымен байланысқа шықпағаны анықталды», - дейді Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчук.
Бір тәулік бойы іздеу нәтижесінде, жасөспірім қыз Нұр-Сұлтан қаласындағы таныстарының бірінің үйінен табылды. Қыз жоғалған сәттен бастап досының үйінде болған. Кәмелет жасына толмаған қызға ешқандай құқыққа қайшы әрекеттер жасалмағаны анықталды.
Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы