Тальгода 60 жастағы жолаушы жас қызды зорламақ болған
Полиция бөлімі қылмыс құрамының болмауына байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді қысқарту туралы шешім қабылдады
ҚР Бас көлік прокуратурасы Тальго пойызында зорлық-зомбылық жасау әрекеті фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі
Атап айтқанда, 2019 жылы 3 қыркүйекте аталған факті бойынша ҚК-тің 121-бабы 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған.
«2 қарашада «Қарағанды-Сұрыптау» стансасындағы желілік полиция бөлімімен қылмыс құрамының болмауына байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді қысқарту туралы шешім қабылданды. 8 қарашада Жезқазған көлік прокуратурасы қылмыстық қудалау органының шешімінің күшін жойып, істің барлық мән-жайларын толық және объективті түрде қамтамасыз ету үшін нұсқау беріп, қосымша тергеуге қайтарды», - делінген хабарламада.
Тальгодағы оқиға туралы Facebook-тегі парақшасында «Не молчи» қоғамының мүшесі Дина Смаилова жазған болатын.
«Биыл 2 қыркүйек күні студент қыз ағасымен бірге «Петропавл-Алматы» бағытындағы пойызбен жолға шыққан. Қарағандыға жеткенде аталған жігіт түсіп қалады да, қарындасы ары қарай сапарын жалғастырады. Сағат 23:50 кезінде купеге 60 жас шамасындағы жолаушы кірген. Біраздан кейін ұйықтап жатқан қыз белгісіз біреу оны киімінің сыртынан сипалап жатқанын сезген. Студент дереу орнынан тұрып, купедегі шамды жаққан. Сол кезде өзіне қарама-қарсы орында купеге жайғасқан жолаушының отырғанын байқайды. Жас қыз купеден шығып, жолсерікті шақырып, болған оқиғаны айтқан», деп жазды ол.
Осыдан кейін жолсерік студентті басқа орынға көшірген. Артынша ол бұл оқиғаны ағасына хабарлаған және пойыз қызметкерлері полиция шақырған.