«Гарант 24 Ломбард» және «ЕSTATE Ломбард» ісі бойынша күдіктілердің мүлкі 2 млрд теңгеге бағаланды

ІІМ аталған іс бойынша қандай шаралар қабылданғанын айтты

«Гарант 24 Ломбард» және «ЕSTATE Ломбард» ісі бойынша күдіктілердің мүлкі 2 млрд теңгеге бағаланды
Фото: instagram/@garant_24

Ішкі істер министрлігі журналистерге арналған брифинг барысында «Гарант 24 Ломбард», «Выгодный займ» және «ЕSTATE Ломбард» қаржы ұйымына қатысты қылмыстық топ мүшелерінің тыйым салынған мүлкі екі миллиард теңгеге бағаланып отырғанын мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. 

Ұйым басшыларына қатысты 32 қылмыстық іс қозғалып, 51 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған, 7 адам әлі іздестірілу үстінде.

«Күдіктілерден 70 миллион теңгедей ақша тәркіленіп, қылмысты жүзеге асыру барысында алған түрлі мүліктеріне тыйым салынды. Олардың қатарында – 15 автокөлік, екі жүк самосвалы, екі автокран және қарда жүретін көлік, 29 пәтер, алты үй, үш жер учаскесі мен бес көлік қою тұрағы, бір кешен (бильярд-кафе) бар. Күдіктілердің тыйым салынған мүліктері екі миллиард теңгеге бағаланып отыр», - деді ІІМ тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов. 

Сот отырысы аяқталған соң мүліктер заңды иелеріне қайтарылатыны туралы мәселе нақтыланып жатыр.

Айта кетейік, жыл басынан бері Ішкі істер органы Қаржы пирамидасын ұйымдастыруға қатысты 217 қылмыстық істі тергеді, 116 іс сотқа жолданып, 79 күдікті қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Қазір түрлі қаржы пирамидасына қатысы бар 13 қылмыстық іс тергеу үстінде. Мысалы, «Гарант 24 Ломбард» және «Выгодный займ» үстінен полицияға 17 мың адам арызданған. Шығын көлемі 22 миллирд теңгені құрайды.

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.