Түркістан облысында «қомақты несие алып беремін» деп тұрғынды алдаған алаяқ ұсталды
Алаяқтарға алданып қалсаңыз полицияның «102» телефонына хабар беріңіз
Түркістан облысының полицейлері «қомақты несие алып беремін» деп тұрғынды алдаған алаяқты ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.
«Сарыағаш аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғыннан арыз келіп түскен. Онда жәбірленуші әйел мамыр айында әлеуметтік желіден ірі көлемде несие шығарып беремін деген жарнаманы көріп хабарласып, соңында алданып қалғанын жеткізді. Белгілі болғандай, банкте жұмыс істейтінін айтқан алаяқ тұрғынның сеніміне әбден кіріп, алты миллион теңге шығарып беремін деп алдап, 850 мың теңгесін алып алған. Содан ұшты-күйлі жоқ болған. Ешқандай да несие алып бермеген. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркелді. Тұрғын полицейлерден басқа ешкім күдіктіні ұстай алмайтынын біліп, шағымданып көмек сұрады», - дейді полицейлер.
Күдіктіні ұстау мақсатында сарыағаштық полицейлер қатарынан жедел-тергеу тобы құрылып, әрекетке көшті. Соның нәтижесінде, ақпарат көздері арқылы күдіктінің жеке-басы бір тәулік ішінде анықталып, аудандық полиция бөліміне жеткізілді. Ол Жетісай қаласының жұмыссыз тұрғыны болып шықты. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктінің бұдан да басқа қылмыстық оқиғаларға қатыстылығы анықталуда. Бас шарасы «қолхатта».
Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға ке келген азаматқа сенбеңіздер деп кеңес береді.
Ал алаяқтарға алданып қалсаңыз, полицияның «102» телефонына хабар беріңіздер.