Бейжің халықаралық әуе рейстерін қайта қабылдай бастады
Әуе байланысы 8 елге ашылмақ
Бейжіңде халықаралық әуе рейстері қайта жанданды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Хабар 24»-ке сілтеме жасап. Бұл туралы шаһар билігі мәлімдеді.
Әуе байланысы алдымен коронавирус көрсеткіші аз анықталған 8 елге ашылмақ. Олардың қатарында Грекия, Дания, Тайланд, Аустрия және Канада бар. Бірақ рейстер мен әуе жолаушыларының бір күндік саны шектеулі болмақ.
«Шеттен келген жолаушылар үшін арнайы аймақ ашылған. Бұл жерде олар вирусты анықтайтын тест тапсырып, кейін қаланың шетінде 14 күн оқшауланады. Ал карантин кезінде кем дегенде, тағы 2 рет тест тапсырады. Қала әкімшілігі транзиттік жолаушылардың да қатаң бақыланатынын айтып отыр», - делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, наурыздың аяғында Бейжіңге шетелден келген жолаушылар арасында вирусты жұқтырғандар көбейіп, халықаралық рейстерді өзге қалаларға бағыттау туралы шешім қабылданған.
«Қазір әуежайдың екінші қабатында 4 мың шаршы метрлік арнайы эпидемиологиялық тексеру аймағы ашылды. Ол жерде 22 бақылау және 26 тест өткізу пункті бар. Бұл шетелдік жолаушыларды тексеру мүмкіндігін арттырады», - деді Бейжің халықаралық әуежайының вице-президенті Чжао Ин.