Павлодарда 8 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылған азамат тағы да мас күйде рөлге отырды
Тереңкөл ауданының 27 жастағы тұрғыны арада екі ай өтпей жатып тағы да жол ережесін бұзды
Павлодар облысы Тереңкөл ауданында осыдан 2 ай бұрын 8 жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылған азамат тағы да мас күйінде рөлге отырған.
«Тереңкөл ауданының полицейлері патрульдеу кезінде 27 жастағы жүргізуші тізгіндеген ВАЗ-21114 автокөлігін тоқтатты. Жүргізушіден алкогольдің иісі шықты, медициналық тескреу нәтижесінде, жүргізушінің ішімдік ішкені расталды. Одан ары тексеру барысында жүргізушініңекі ай бұрын сот шешімімен 8 жылға дейін көлік құралын басқару құқығынан айырылғаны анықталды. Алайда, ол соған қарамастан тағы да мас күйде рөлге отырған. Енді жүргізушіге қатысты тергеу жүргізіліп жатыр, автокөлік айыппұл тұрағына қойылды», – деп түсіндірді Тереңкөл аудандық полиция бөлімінің бастығы Арман Кәрімов.
Полиция қызметкерлері жыл басынан бері облыс бойынша көлікті мас күйінде басқарған 852 жүргізушіні ұстаған.