Алматыда жоғалған 9 жастағы оқушы табылды
Оны іздеуге 250 адам жұмылдырылды
Еске салайық, бұған дейін Алматыда 9 жасар оқушының 1 қыркүйек күні күндізгі сағат 13:00 шамасында үйінен кетіп, сол күйі оралмағаны хабарланған еді.
Жоғалып кеткен Месут Мырзақұловты іздеуге полиция қызметкерлерімен бірге құтқарушылар, Ұлттық ұлан сарбаздары, еріктілер мен мектеп мұғалімдерінен құралған 250 адам жұмылдырылды.
Алматы қалалық Полиция департаменті кешеден бері іздестіріліп жатқан 9 жастағы Месут Мырзақұловтың табылғанын айтты.
«Бала табылды. Тірі, дін аман. Жақын арада ол анасына тапсырылады», - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Алматы полициясы хабарлағандай, Месут досымен ойнап, соның үйінде қонып қалған.
«Баланың бұрын көрші тұрған досына қонаққа барғандығы анықталды. Месут досының атасы мен әжесіне анасының рұқсатымен келгендігін айтты, содан кейін бала түнеуді өтінді. Кеш батқандықтан, Месут досының үйінде қалды. Осы жерден бала табылды. Бақытымызға орай, ол аман-сау. Баланың іс-әрекетін балалық еркелікке балауымызға болады, дегенмен біз оның жоғалып кетуіне қатты алаңдадық. Іздестіру топтары мен кинологтар баланы түні бойы іздеді. Таңертең еріктілер мен мұғалімдер қосылды. Өз кезегімізде біз, баланы табуға көмектескендердің барлығына алғысымызды білдіреміз», - деді, Алматы қалалық полиция Департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Нұрлан Алмасбеков.
Месут Мырзақұлов анасына тапсырылды, ол ұлын әрі қарай да мұқият қадағалап отыруға уәде берді. Месуттардың отбасында екі бала. Оның өсіп келе жатқан кішкентай қарындасы бар.