Қапшағайда дүкеннен 6 қуыршақ ұрлаған әйел камераға түсіп қалған
Ұрланған заттар дүкенге қайтарылды
Қапшағай полициясының кезекші бөліміне балаларға арналған ойыншықтар сататын дүкен сөресінен алты қуыршақтың қолды болғаны туралы 32 жастағы сатушы арызданған. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 1-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлайды.
Жақын маңда орнатылған бейнебақылау камерасынан анықталғандай, инспекторлар қылмысқа қатысы бар деген күдікпен Қапшағай қаласында тұратын 26 жастағы әйел адамды тергеу бөліміне қолды болған қуыршақтармен бірге жеткізді.
«Ұсталған азаматша таңертең қызымен бірге ауруханадан үйге қайтып бара жатқанда дәріхана жанындағы сөреден түрлі-түсті қуыршақтарды көргенін түсіндірді. Қызына қуыршақ сатып әперетін ақшасы болмаған әйел сатушының басқа жаққа назарын аударғанын пайдаланып, астыртын алты қуыршақты қолды қылған. Полиция қызметкерлері ұрланған заттарды тәркіледі», - делінген хабарламада.
Күдікті мекенжайын өзгертпеу туралы міндеттемемен босатылған.