Шымкентте 26 жылға созылған «қызыл сызық» дауына әлі нүкте қойылған жоқ
Түркістан облысы бойынша көлік инспекциясы басшысының иелігіндегі жер теліміне қатысты іс тағы да сотта қаралмақ
Шымкенттік көршілер арасындағы жер дауына 26 жылдан бері нүкте қойылмай келеді. Арызданушы Тілеубек Кенжебай ширек ғасырдан астам бірге тұратын көршісі өзін «бизнесмен» болу мүмкіндігінен айырды деп санайды. Сондықтан да көршісінен қомақты қаржы талап етуін тоқтатар емес. Бұл әрекетін ол өмірде ашпаған, жасай алмаған «бизнесінің» шығыны деп түсіндірді. Бүгінде жасы алпысты алқымдаған Тілеубек Кенжебай үйіне қарама-қарсы жерден 1994 жылы 2,5 сотық жер алып, бұзылған көліктерді жөндейтін шағын орталық ашпақ болған. Жер учаскесін алмақ ниетпен сол кезде әкімдікке арыз беріп, шешім де қабылдаған екен. Мемлекеттік акт алмаған соң, кейін жолдың бойындағы учаскелердің бәрі өзге адамдардың жекеменшігіне өтіп кеткен. Жағалай ғимараттар мен тұрғын үйлер салынып кеткеніне де ондаған жылдар болған. Ал Тілеубектің өзіне бұйырмаған 2,5 сотық жер заңды құжат тұрғысынан бүгінде Руслан Бексейітовке тиесілі. Ал оның көршісі ашылмаған бизнес орталығының «шығынын» есептеп, мемлекеттік қызметкерден ақша талап етуін тоқтатар емес, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Екі көршінің арасындағы дау бүгінде бүкіл Шымкентке тараған. Әу баста бес мың доллардан басталған соманың көлемі бүгінде ондаған миллион теңгеге жеткен.
ДАУДЫҢ БАСЫ – ҚЫЗЫЛ СЫЗЫҚТЫҢ ҮСТІНЕ САЛЫНҒАН ГАРАЖ....
«Машина жөндеп, майда-шүйде жұмыс істейтінбіз. Сол кезде (1993 жылы) 2,5 сотық жерді СТО (ТЖО) ашамын деп алғанмын. Есіктің алды қыр, төбе болатын. Мына гректің үйін сатып алған Руслан Бексейітов төбелерді қырып, тегістей бастады. Маған басқа жерден он сотық жер алуға көмектесетінін айтқан соң, оған келістім. 2,5 сотық жерді 10 сотыққа ауыстырса, жақсы екен деп ойладым. Руслан кейін мен СТО ашамын деген жерге мемлекеттік акт алып, үй салды. Ал маған беремін деген мына жақтағы жерлерді кейін басқа біреулер алды. «Менің СТО-ма рейдерлік захват болды» деп «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына арыз жаздым. 20 жыл болды, мен жұмыс істей алмаймын. «Қол астымда кемінде, 10-15 адам жұмыс істер еді. Кем дегенде, 500 мың теңге айлық алар едім. Бір жылда мен 18 мың доллар табатын едім. 360 мың доллар шығынға батып тұрмын» деп кәсіпкерлер палатасына барып арыздандым. Содан олар құжаттарды жинап, полицияға арыз берді. Соның негізінде іс қайта қозғалды. 1993 жылы жер болды, СТО болған жоқ. 1994 жылы ол жерді Руслан (Бексейітов – авт.) алды, жұмыс істетпеді. Мен жер алу туралы арызды бұрын жазғанмын. Бірақ көршім менен 6 ай бұрын шешім шығартып алған. Бұл мәселелерді айтсам ешкім тыңдамайды, содан соң мен қызыл сызықтағы жерден бастап назар аударта бастадым. Журналистер біртіндеп жақындаған соң басқа былықтарын шығара бастадым», - дейді дауды жариялы түрде көрсеткен шымкенттік тұрғын Тілеубек Кенжебай.
Суретте: айыптаушы Тілеубек Кенжебай
Осы мәселе бойынша күллі Шымкент билігінің құлағын көтерген Тілеубек тілегін көпке жеткізу үшін басқа әдіске көшкен. Оған себеп мемлекеттік лауазымды қызметте отырған Руслан Бексейітовтың мемлекеттен бес сотық жерді жалға алуы түрткі болған. Көршісінің «тірлігін» біліп қойған Т. Кенжебай билік қызыл сызықтағы жерді жалға беріп, соның кесірінен «көше жабылды» деп жариялады. Ал кезінде ірі кәсіпкер болған Руслан Бексейітов бүгінде Түркістан облысы бойынша көлік инспекциясын басқарады. Ұлы мен әйелі әлі де бизнесте. Толассыз тексеру мен үшбу арыздардың астында қалған Бексейітов әрбір құжаттың заңды түрде жасалғанын айтады. Айтуынша, қызыл сызықтың үстіндегі гараж үйдің бұрынғы қожайынынан қалған.
«Жердің рельефіне (дөңестер мен ойпаңдардың ұштасуы – авт.) байланысты Құрманғазы көшесі бұрыннан тұйықталған. Жолдың екі жағында да кеңестік кезеңнен қалған үлкен тосқауыл - бетон қабырға тұр. Құрманғазы көшесі Мәдел Қожа көшесіне жеткенде тұйықталып, асфальттан 5-6 метр биіктікте тұр. Бетон қабырғаларды мен соққан ым жоқ. Жаяу адам жүруге арналған баспалдақпен халық әлі жүреді, мен көшені жапқаным жоқ. Егер мемлекет, әкімдік жоғарыда тұрған Құрманғазы көшесін бір-біріне қосып, көпір салатынын айтса, сатып алғанда (ұлты грек көршісі – авт.) қалған, қабырғасы көшеде бетон болып тұрған гаражды мен өзім-ақ бұзуға дайынмын. Мен әкімдікке қарсылығым жоқ екенін хатта жаздым. Балам бұл үйді 2014 жылы көршімнен сатып алғанда, оның гаражға құжаты болмаған. Содан соң мен әкімдікке арызданып, шешім бойынша жерді 5 жылға жалға алдым. Биыл жалға алу мерзімі тағы 5 жылға ұзартылып, келісімшарт жасалды. Қала мәслихаты шығарған қаулыға сәйкес, 0,5 сотық жерге жыл сайын салық төлеп отырмын», - дейді Руслан Бексейітов.
ДАУҒА ҚАЛА ӘКІМДІГІ МЕН ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ОРГАНДАРЫ ҚАЙТА АРАЛАСЫП ЖАТЫР
Алайда, Шымкент қаласындағы көршілердің дауына қала әкімдігі мен құқық қорғау органдары қайта араласып жатыр. Себебі, Тілеубек Кенжебай көршісін ғана емес, бұл іске бүкіл Шымкент қаласы әкімдігінің қатысы бар деп түсінеді.
«Менің наразылығым Русланға ғана емес, бүкіл Шымкент билігіне бағытталған. Бұл да биліктің былығы. Менің талабым - Русланның жерін БТИ (Техникалық түгендеу бюросы – авт.) қандай негізде тіркеуге алды? Өйткені, оның жерінде ол кезде үй салынбаған. Көше дөңестеу болғандықтан бұрыннан жабық, жаяу адамдар ғана жүре алады. Төмендегі асфальт жол – Шаймерденов көшесі, оған тікелей машинамен шыға алмайды. Құрманғазы көшесі кеңетік кезден бері жабық. Сол жерді Руслан жалға алған. Ол неге мемлекеттік қызметкер бола тұра, бизнесін дамыту үшін қызыл сызықтағы жерді жалға алады? Ол бизнеспен айналыса алмайды. Неге сол кездегі қала әкімі Дархан Сатыбалды жерді заңсыз жалға бере салған? Шымкенттегі бассыздық тоқтатылсын. Көшені сатқандар, оған қатысы барларды жауапқа тартыңдар. Менде құжаттар жетерлік. Кезіндегі әкім Сатыбалды болсын, қазіргі әкім Әйтенов болсын, тағы кімдердің қатысы бар, солардың бәрі орындарынан алынсын. Мен соны талап етемін. Үкімет осындай тірліктерден шіріп кетті», - дейді Т. Кенжебай.
ӘКІМДІК ОСЫ МӘСЕЛЕ БОЙЫНША МИНИСТРЛІККЕ ХАТ ЖОЛДАҒАН
Тұйықталған көшені қосу туралы биліктің жоспары болмағандықтан, қызыл сызықтағы 40 шаршы метрден асатын жерлерді Шымкент әкімдігі тағы бес жылға жалға берген. Қожайыны жылына 7 мың теңгедей салық төлейді. Арызданушы айтқандай, көше жабылмаса да, енді бұл іске министрлік араласпақ.
Суретте: әкімдік өкілдері
«Дау болып жатқан Мәдел Қожа мен Құрманғазы көшесінің қиылысындағы 5 сотық жер мәселесі бойынша Кенжебек бізге арыз берген. Ол арыз бойынша ҚР Жер кодексінің 147-бабының 1 және 2 тармағына сәйкес, Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетінің құзырына жатуына байланысты біз комитетке хат жолдадық. Жауабын күтіп отырмыз. Оның заңдылығын, бұрыстығын, дұрыстығын сол орган анықтайды. Себебі, жердің берілуіне біз баға бере алмайтын болғандықтан, жоғары тұрған органға хат жолдадық. Сол кездегі Шымкент қаласы әкімінің шығарған қаулысына біз баға бере алмаймыз. Бас жоспар 2004 жылы бекітілген және 2012 жылы тағы бекітілген. Сол бойынша анықтайды. Біз арызданушымен кездесіп, жағдайды түсіндірдік», - деді Шымкен қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы жер инспекциясы бөлімінің басшысы Сәкен Уәлиханов.
ОСЫМЕН ТӨРТІНШІ РЕТ ТЕРГЕУ БАСТАЛДЫ
Шағын көшеде тұратын қос көрші жерге таласып, бірнеше рет соттасқан. Сот жер иесінің құжаттарын заңды деп тауып, істі тоқтау туралы шешім шығарған. Бірақ соған қарамастан, осымен төртінші рет тергеу басталған.
Суретте: Қуаныш Жүнісов
«ҚР ҚК 190-бабының 1-бөлігі бойынша тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Яғни, алаяқтық бабымен іс қозғалған. 10 тамыз күні азамат Руслан Бексейітов осы тергеу әрекетін заңсыз деп тану туралы Шымкент қаласының мамандандыырылған тергеу сотына шағымданған. Алайда, тергеу соты Руслан Бексейітов пен оның қорғаушысы Үсіпбековтың шағымын қарап, қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдады. Бұдан соң апелляциялық сотқа жүгінді. Бірақ ол жерде де бастапқы шешім күшінде қалдырылды. Тергеу құпиялығына байланысты басқа мәліметтерді айта алмаймын. Азамат Кенжебайдың арызы бойынша бұған дейін де бір рет іс қозғалған. Жалған құжаттарды рәсімдеу арқылы жерді иеленіп алу бойынша жеке тұлғаның емес, оқиға бойынша тергеу жүріп жатыр. Яғни, жердің қаншалықты заңды рәсімделгені тексеріледі», - деді Шымкент қаласы Полиция департаменті Әл-Фараби полиция тергеу бөлімі бастығының орынбасары Қуаныш Жүнісов.
Арызданушы ашылмаған бизнес орталығы үшін «шығындарын» 360 мың АҚШ долларына бағалап отыр. Ал қылмыстық іске тағы да куәгер ретінде тартылып жатқан Руслан Бексейітов мұның бәрін ақша алу және абыройына нұсқан келтіру мақсатында жазылған арыз деп қабылдайды. Кезінде өзі де газ сату, құрылыс, ауыл шаруашылығы сынды түрлі салада бизнеспен айналысып, оны кейін отбасының мүшелеріне табыстаған. Айтуынша, отбасында қаржы бар екенін біліп, бір істі қатарынан бірнеше жыл қайта-қайта айналдырып келеді. Ақшаны ашық сұрауға кіріскен көршісі 150 мың доллар берсе арыздануын тоқтататын да айтыпты.
«Көршім Тілеубек 2014 жылы менен 5 мың доллар сұрады, машинасын ломбардқа қойып, соны ала алмай жүргенін айтты. Мен сұрағанын бере алмай, ол өкпелеп қалды. Содан бастап арыз жазуын бастады. Балам 2013 жылы сатып алған үй аумағын, менің жерімді тексере бастады. Шарбақтың іші-сыртындағы екі-үш метрлік құжаты жоқ жерлер анықталып, «негізсіз пайдаландың» деп жер инспекциясы айыппұл салды. Инспекцияның ұйғарымында жерді заңдастыру керек делінген. Мен сол бойынша айыппұлын төлеп, кейін жаңағы артық жерді заңдастырдым. Бірақ содан бері дау әлі тыйылған жоқ. Көршім менен ақша сұрауын да тоқтатпады. Маған қатысты архивтерді ақтарып, Құжаттарға кім қол қойды, неге қол қойған?» деп әлі маза бермей келеді. Бірақ мемлекет пен менің арамда шешілуі тиіс жер мәселесіне басқа үшінші адамның қандай қатысы бар? Міне, мына құжаттарда осы істі сот бес рет қарап, «Тоқтатылсын, қылмыстық, алаяқтық құрам жоқ» деп шешім шығарған. Соттың осыншама шешімдерінен кір іздеп отырған адамға не дейсің?! «Құжаттарды алаяқтық жолмен жасатқан» деп менің үстімнен әлі арызданып келеді. Осы бойынша іс төрт рет жабылып, төрт рет ашылды. Жалға алған жерім бар, 1993 жылы көшіп келгенде сатып алған жерім бар. Соларды «шұқылаумен» келеді. Тағы да тергеуге шақырды. Барлық қорлығы мен айыптауларына көніп келемін. Мемлекеттік қызметкер болған соң менің тілім қысқа, бұлар сияқты аузыма келгенді айта алмаймын.
Мен сонау тоқсаныншы жылдардан бастап бизнеспен айналыстым. Қазір балам, әйелім бизнесте. Енді маза бермеді екен деп, тек арызданумен жүрген көршіме бола 25 жылдан бері тұрған баспанамды, жерімді тастап кете салуым керек пе? Ол бәрібір бұл жерлерді ала алмайды, өйткені бәрі заңды. Бұлар тағы тергеу жүргізіп, менің ар-ожданыма көп зиян тигізді, денсаулығыма зиян тигізді. Отбасым да шаршады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке де арыз жазды. Агенттік менің әрекетімде жемқорлықтың, заңсыздықтың жоқ екені туралы ресми түрде жауап берді. Міне, бәрі мына құжатта (құжатты көрсетіп – авт.). Бірақ көршім қайта-қайта арызданады. «Әкімді соттаңдар, мені соттаңдар, құжатты рәсімдеген қызметкерлерді соттаңдар» деп бәрінің басын қатырып отыр. «150 мың доллар берсең, арыз жазуды қоямын» дейді. Басында 5 мың доллардан басталған», - дейді Түркістан облысы көлік инспекциясының басшысы Руслан Бексейітов.
Әмірболат Құсайынұлы, Шымкент