$ 510.78  576.06  6.35
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
07.11.2019, 04:54
Оқиғалар

400 келіге жуық қара уылдырықты Ресейге заңсыз өткізбек болған

Ұрылар контрабандалық тауарды Ресей астанасына жеткізбек болыпты

400 келіге жуық қара уылдырықты Ресейге заңсыз өткізбек болған
Xcook.info

Ақтөбе облысында шекарадан 400 келіге жуық қара уылдырықты заңсыз өткізбек болғандар ұсталды. Олар контрабандалық тауарды Ресей астанасына жеткізбек болыпты. Бірақ жүк көлігіне құжаты жоқ уылдырық тиелгенін жүргізуші «білмедім» деп отыр. Қазір оны тергеп жатыр. Сондай-ақ, бұл тауардың иесі анықталуда, деп жазады  Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.

Кешелі бері «Жайсаң» бекетінің айып тұрағында тұрған көліктің құжатында жеміс-жидек тиелген деп көрсетілген. Шекарашылар жүк салғыштағы барлық қорапты ақтарып қарағанда, түкпірдегі бананға арналған жәшіктерден қара уылдырық табылады. Оны арнайы ыдыстарға мұқият орап, 44 жәшікке сыйғызған.

«Ақтөбе – Мәскеу бағыты бойынша «Даф» маркалы автокөлігімен келе жатқан Қазақстан азаматын тексеру барысында, оның жүгінің арасынан шамамен, 400 келідей бекіренің қара уылдырығы табылды. Тауардың ешқандай ілеспе құжаты болған жоқ», – дейді 2030 әскери бөлімі командирінің орынбасары Қайрат Әлиев.

29 жастағы жүргізуші жүкті ақтөбелік жеке кәсіпкердің қоймасынан тиегенін айтады. Бірақ жеміс-жидек арасына қара уылдырық салынғанын «білмедім» деп ақталып отыр. Енді жүргізушіден бөлек, ол кәсіпкер де тергеледі.

Қара уылдырықтың базардағы бағасы келісіне 200-240 мың теңгеге жетеді. Тіпті, кішкентай шай қасығының өзі екі жарым мың теңге шамасында тұрады. Сондықтан бұл ас кез келгеннің дастарханынан табылмайды. Ал бұл 100 миллион теңгенің байлығы Ресейдің астанасына жеткізілмек болған.  

Жайсаңдағы шекара бекетінен күніне 7 мың адам мен 2 мыңға жуық көлік өтеді. Шекарашылар құжатсыз тауардан бөлек, қару-жарақ, оқ-дәріні шекара асырмақ болғандарды ұстапты.

«Биыл есірткі заттарымен 30 шекара бұзушы анықталды. Қару-жарақ, оқ-дәрілер және тыйым салынған діни әдебиеттер, басқа адамның төлқұжатымен жүрген бес адам анықталды. Және көлік құралының төлқұжаты жалған төрт автокөлік анықталды», – деді «Жайсаң» шекара бақылау бөлімшесі бастығының орынбасары Саидхан Исенбаев.

Ал қара уылдырықты заңсыз Ресей асырмақ болғандарға қатысты қазір екі бірдей бап бойынша іс қозғалған. Шекарашылар контрабандалық тауарды жүк көлігінің жүргізушісімен қоса, Мәртөктегі Ішкі істер басқармасына тапсырмақшы. Ендігі тергеуді осы мекеме жалғастырады.

Серіктес жаңалықтары