СҚО-да асыл тұқымды сиырды атып алған ұрылар ұсталды
Ақбас тұқымды сиыр 250 мың теңге тұрады

Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Есіл ауданының полиция бөліміне жергілікті ауылшаруашылығы серіктестіктерінің бірінің директоры келіп, жайылымнан құны 250 мың теңге тұратын ақбас тұқымды сиырының жоғалғанын айтқан. Бірнеше күн бойы шаруашылық жұмысшылары жануарды іздеп, кейін тәртіп сақшыларының көмегіне жүгінген. Іздестіру шаралары кезінде полицейлер малдың кездейсоқ жоғалмағанын анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жайылымның маңыңдағы орманнан атылған малдың сойылғанын көрсететін іздер табылған. Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде екі күдікті ұсталды: серіктестіктің 26 жастағы жұмысшысы мен бұрын мал ұрлығы үшін қылмыстық жауапқа тартылған Қызылжар ауданының 34 жастағы тұрғыны. Соңғысынан «ВАЗ-2199» автомобилі тәркіленді, көлік салонында етті мүшелеп бөлудің белгілері анықталды.
Аталған факт ҚР Қылмыстық кодексінің 188-1-бабы 2-бөлігі «Мал ұрлығы» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Полицейлер олардың бұрын жасалған қылмыстарға қатыстылығын тексеруде.
«Полиция бөлімінің қызметкерлері аудандағы шаруашылық басшыларымен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, техникалық қорғалуын нығайтуға және малды еркін жайылымға жібермеуге шақырады. Бүгінгі күні Есіл ауданында шаруашылықтардың шамамен үштен бірі бақташы және жергілікті атқарушы органдармен үш жақты шарт жасасқан. Малды ұйымдасқан түрде бағу – қылмыстық қолсұғушылықтан және жануардың өз бетінше қаңғырып кетуінен қорғаудың барынша тиімді әдістерінің бірі. Биыл ауылдықтар еркін жайылымнан малдары жоғалған кезде полицияға 6 рет жүгінген. Барлық жануарлар табылды. Сондай-ақ, мал ұрлығының 2 фактісі тіркеліп, екеуі де ашылды», – дейді Есіл ауданы ПБ бастығының орынбасары полиция майоры Сағындық Жантеміров.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО