Қаскелеңде көпқабатты үй өртеніп, әйел адам қайтыс болды
Көрші пәтердегі бір отбасын құтқарушылар аман алып қалды

Алматы облысы Қаскелең қаласында 20 тамызда кешкі сағат 17:45-те 40 пәтерлі көпқабатты үйден өрт шықты. Соның салдарынан өртенген пәтердің иесі – 40 жастағы әйел адам қайтыс болды, деп хабарлайды облыстық ТЖД-нің баспасөз қызметі.
Өртенген пәтер үйдің ең соңғы бесінші қабатында орналасқан. Құтқарушылар үй иесі мен көрші пәтердегі үш адамды – ерлі-зайыпты екеу мен әлі жасқа толмаған баланы далаға алып шыққанымен, әйел адамды құтқарып қалу мүмкін болмады.
«Пәтер иесі бірден Қаскелен қаласының ОАА-на, жану өнімдерімен улану белгілерімен жансақтау бөлімшесіне жеткізілді, өкінішке қарай, ол есін жимастан сол жерде қайтыс болды. Өрттің шығу себебі анықталуда, оқиға орнында өрт сөндіру зертханасы жұмыс істеуде», - делінген ТЖД таратқан хабарламада.
Өрт сөндірушілер жалынды 18:32-де сөндірген.