Қостанайда әйелін қырық жерден пышақтаған тұрғын 14 жылға сотталды
Марқұмның үш баласы қалды

Қостанай қаласында жұбайын өлтірген тұрғын 14,5 жылға сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға 2019 жылы 4 тамызда Қостанай ауданының Заречный ауылында болған. Сотталушы ажырасқысы келген әйелін отбасылық жанжал кезінде қырық жерден пышақтаған.
«Әйел оқиға орнында көз жұмды. Ал сотталушы қылмыстық жауапкершіліктен жалтару үшін өзінің мойны мен кеудесін және білек аймағын пышақпен кесіп, өзін-өзі қорғағанын айтқан. Сотталушының қасақана кісі өлтірудегі кінәсі дәлелденді. Марқұмның үш баласының қамқоршысы оның үлкен әпкесі болып бекітіледі», - делінген облыстық соттың баспасөз хабарламасында.
Жасалған қылмыстың ауырлығын ескере отырып, сот оған 14 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.