Ақтаудағы «Rixos» тексеріске келген санитар дәрігерлерді бірнеше рет кіргізбей қойған
Олар санитария талаптарының орындалуын тексермек болған

Санитар дәрігерлер Ақтаудағы бесжұлдызды «Rixos Water World» қонақүйінің аумағына кіре алмады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі инАктау басылымына сілтеме жасап.
Қаланың бас санитар дәрігері Асима Жарылғасова қонақүй тексеріспен барғандарды бірнеше рет кіргізбей қойғанын мәлімдеді.
«Біз кеше үшінші рет тексеріс жүргізу үшін «Rixos» қонақүйіне кіруге тырыстық, бірақ кіре алмадық. Қонақүй өкілдері бізге бұның себебін түсіндіруі керек. Біз мемлекеттік орган болғандықтан, мұндай әрекет біздің жұмысымызға кедергі келтіру болып саналады. Бұған жауапкершілік қарастырылған», - деді Асима Жарылғасова.
Оның айтуынша, санитар дәрігерлер демалыс орындарын ешкімге ескертпей тексере алады. Сонымен қатар ол мобильді топтар рейд жүргізуді жалғастыра беретінін айтты.