Беларусь Республикасында митингке қатысқан тағы бір адам көз жұмды
Оның басына оқ тиген

Беларусь Республикасында митингке қатысқан 43 жастағы ер адам қайтыс болды. Бұл туралы республиканың Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі РИА Новостиға сілтеме жасап.
Ведомствоның хабарлауынша, Брест қаласының тұрғыны Геннадий Шутов облыстық ауруханадан Қорғаныс министрлігінің госпиталіне ауыстырылған. 18 тамызда оның жағдайы нашарлап кетті. Дәрігерлер оны құтқарып қала алмады.
«Митинг кезінде Шутовтың басына оқ тиген. Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі наразылық акциялары кезінде екі адамның көз жұмғанын хабарлаған еді. Сонымен қатар жақында митингке қатысқан 19 жастағы Минск тұрғыны да қайтыс болды», - деп жазады басылым.
Айта кету керек, Беларусь Республикасындағы митингтердің алғашқы күні 6,7 мыңнан астам адам қамауға алынды.