Полицейлер Шымкент қаласының тұрғындарынан есірткі тәркіледі
Автокөліктің жүк салғышынан 2 келіден асатын «кептірілген марихуана» табылған
Түркістан облысы Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Келте-Машат автожолында (Түлкібас ауданы) «ВАЗ-21099» автокөлігін тоқтатып, тексерген. Тінту кезінде көліктен есірткі заттары салынған полиэтилен пакеттері тәркіленді. Сондай-ақ автокөліктің жүк салғышында марихуана салынған қап болған.
Полиэтилен пакеттерде жалпы салмағы 1,5 грамм болатын синтетикалық есірткі сақталған. Ал, өсімдік түптері, құрамында есірткі заты бар, салмағы 2 келіден асатын зат «кептірілген марихуана» болып шықты. Сондай-ақ Сайрам ауданында синтетикалық есірткіні сатпақ болған тағы бір Шымкент қаласының тұрғыны ұсталды. Күдіктіден жедел уәкілдер салмағы үш граммға жуық синтетикалық есірткі салынған төрт орама (пакетик) тәркіледі.
Түркістан облысы ПД бастығының орынбасары Құрманбек Сахов екі жағдайда да «альфа пирролидино валерофенон» (немесе альфаPVP) синтетикалық есірткілерін тәркілегенін айтты.
«Мұндай жағдай тәжірибемізде бірінші рет болып отыр. Есірткінің бұл түрі синтетикалық санатқа жатады, яғни зертханалық жағдайда, басқаша айтқанда жасанды түрде өндіріледі. Бұл өте қауіпті психостимулятор. Ақ немесе қызғылт түсті кристалдар. Мұнымен есірткіге тәуелділік өте тез жүреді. Тыныс алу және жүрек қызметіне теріс әсер етеді. Ал арнайы маман көмегі көрсетілмесе, соңы өлімге әкелуі мүмкін. Есірткі қылмыстарын ашу үшін бізге бірнеше ай жұмыс істеу керек екенін атап өткім келеді. Қылмыстың бұл түрі жасырын жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта аталмыш есірткілер Шымкенттен әкелінгенін анықтадық. Аталған екі жайт бойынша күдіктілер мегаполис тұрғындары болып шықты, олардың біреуі бұрын сотты болған. Ер адамдар қамауға алынды», - дейді Құрманбек Сахов.
Ұсталғандардың біріне қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабы (Өткізу мақсатынсыз есірткі, психотроптық заттармен, олардың аналогтарымен заңсыз жұмыс істеу) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, ал екіншісі ҚР ҚК-нің 297-бабымен (Есірткі құралдарын өткізу мақсатында заңсыз дайындау, өңдеу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе сату) тіркеліп, қылмыстық жауапкершілікке тартылуда.