Балқаш көлінде баласын құтқаруға тырысқан әке суға ағып кетті
Оның денесі бір тәулік өткен соң табылды
12 тамызда Балқаш көлінде, Приозерскіден 5 шақырым жерде, 2009 жылы туылған бала үрмелі матраста жүзіп жүріп, жағадан алысқа қарай кетіп қалған. Өз бетінше орала алмай жатқан баласына әкесі құтқарушыларды күтпестен көмекке жүгірген. Өкінішке қарай, оқиға қайғылы аяқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі ekaraganda.kz-ке сілтеме жасап.
Оқиға орнына келген Қарағанды облысының ТЖД құтқарушылары жағадан 850 метр жерге шығып кеткен баланы құтқарып, баланың әкесін іздеуге кірісті. Іздеу жұмыстары қараңғыға дейін жалғасып, 13 тамызда таңертең қайта басталды.
Суға батқан адамның денесін құтқарушылар бір тәулік өткен соң, 13 тамызда сағат күндізгі 10:40-та жағадан 350 метр қашықтықта тапты.
Қарағанды облысының ТЖД азаматтарды су айдындарында қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады.
«Егер сіз су қоймасына балалармен бірге келген болсаңыз, әр минут сайын қырағы болыңыз, балаларға сақ болыңыз»,- делінген ТЖД хабарламасында.