Желіде діни мазмұндағы аудио таратқан атыраулық азамат жауапқа тартылды
25 жастағы азаматқа 55 560 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды

ІІМ Көліктегі полиция департаментінің Атырау станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері «ВКонтакте» әлеуметтік желісіне мониторинг жүргізіп, Атырау облысының 25 жастағы А. есімді тұрғынының «әлеуметтік желіде тыйым салынған діни мазмұндағы аудиожазбаны сақтау» фактісін анықтады.
«Дінтану сараптамасының қорытындысы бойынша аудио жазбалардың Қазақстан Республикасының аумағында тыйым салынғаны анықталды. Атырау қаласының мамандырылған әкімшілік сотының шешімімен аталған азамат ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 453-бабы 2-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 20 АЕК мөлшерінде 55 560 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды», - деп хабарлады Көліктегі полиция департаменті бастығының орынбасары Сарықұл Жоланов.