Қазығұрттың бұрынғы бас дәрігері өлім аузындағы науқастарға оттегі беретін аппараттың орнына Астанадан үй сатып алған

Бас дәрігер 8 жылға, ал онымен ауыз жаласқан кәсіпкер 7 жылға сотталды

Қазығұрттың бұрынғы бас дәрігері өлім аузындағы науқастарға оттегі беретін аппараттың орнына Астанадан үй сатып алған
Фото: скриншот

Түркістан облысы Қазығұрт ауданындағы аурухананың бас дәрігері 8 жылға, ал онымен бірге қылмысқа барған кәсіпкер жеті жылға сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy

Бұл туралы Қаржы мониторинг агенттігінің Түркістан облысындағы департаменті хабарлады.

Қылмыстық істің кейбір тұсы туралы ақпарат берген агенттік бас дәрігер мен кәсіпкердің ұзақ жылға сотталуына себеп болған жағдайды былай баяндады:

«Олар тендер кезінде бюджет қаражатын жымқырып, қылмыстық жолмен алынған сол кірістерді заңдастырған. Аурухананың бұрынғы бас дәрігері мен кәсіпкер реанимациядағы науқастарға медициналық көмек көрсету үшін қажетті оттегімен жабдықтау жүйесін сатып алуға бөлінген қаражатты жымқырған. Ақша жымқыру үшін олар бірыңғай медициналық кешенді бірнеше бөлек тауарға бөліп, оларды өздеріне бағынышты компаниялар арқылы нарықтық бағадан жоғары құнмен сатып алған.
Алайда іс жүзінде жабдықты мүлде басқа компания жеткізіп, орнатып берген», - деп түсіндірді ҚМА-ның баспасөз қызметі.

Соның салдарынан мемлекетке 117 млн теңге көлемінде залал келді. Бұл ақшаға бұрынғы бас дәрігер үй сатып алып, оны туысының атына рәсімдеп тастаған. Мемлекет сондай-ақ олардан Астанадағы пәтері мен екі көлігін тәркілеп алды.

«Сот аурухананың бұрынғы бас дәрігерін 8 жылға, ал кәсіпкерді 7 жылға бас бостандығынан айырды», - деп хабарлайды ҚМА.