Петропавлда жантүршігерлік жол апатынан әйел адам көз жұмды

Жол апаты салдарынан үш адам жарақат алған

Петропавлда жантүршігерлік жол апатынан әйел адам көз жұмды
Фото: istockphoto.com

Петропавлда екі көлік соқтығысып, төрт адам ауруханаға жеткізілді. Кейін 50 жастағы жолаушы әйел көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy полиция департаментіне сілтеме жасап.

Қайғылы жол апаты Петропавл қаласындағы қиылыстардың бірінде болған. ВАЗ-2111 және Audi A6 көліктері соқтығысқан.

«Полиция қызметкерлері 21 қараша күні сағат 10:54 шамасында Петропавл қаласындағы Уәлиханов пен Гашек көшелерінің қиылысында болған жол-көлік оқиғасының мән-жайын анықтап жатыр. ВАЗ-2111 және Audi A6 автокөліктері соқтығысқан. Жол апаты салдарынан түрлі жарақат алған төрт адам медициналық мекемелерге жеткізілді. Олар – Audi A6 көлігінің 29 жастағы жолаушысы, ВАЗ-2111 көлігінің 50 жастағы жолаушысы мен 54 жастағы жүргізушісі, сондай-ақ 36 жастағы жаяу жүргінші. Кейін 50 жастағы жолаушы әйел ауруханада көз жұмды», – деп жазылған хабарламада.

Аталған жол апатына қатысты тергеу жүргізіліп жатыр. Полиция департаменті жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және жолда мұқият болуға шақырды.