Трактор жаншып кеткен: Ақмола облысында жүргізуші оқиға орнында тіл тартпай кетті

Көп тонналы трактордың астында қалған ер адам қаза тапты

Трактор жаншып кеткен: Ақмола облысында жүргізуші оқиға орнында тіл тартпай кетті
Фото: Instagram/nayza_kokshe

Ақмола облысында трактор аударылып, жүргізуші ауыр техниканың астында қалып көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy nayza_kokshe-ге сілтеме жасап.

Қайғылы оқиға Зеренді ауданында, Елікті ауылының маңында болған. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Айта кетерлігі, жол-көлік оқиғасы 14 қарашада болған. К-700 тракторы аударылып, кабинада отырған жүргізушіні басып қалған. Ер адам алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды.

Қазір полиция апаттың мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.

Ал Ақмола облысының мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің хабарлауынша, жұмыс берушіден жазатайым оқиға туралы әзірге хабарлама түспеген.

Ведомство мәліметінше, жұмыс беруші өндірістегі жазатайым оқиға туралы хабарламаған жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Сонымен қатар оған тиісті хабарлама жолдау жөнінде нұсқама беріледі.