Белгісіз дерттен жақындарын танымай қалған: қазақстандық стюардесса Кувейтте ауыр халде ауруханада жатыр
Бойжеткен жансақтау бөліміне түскен
Непалдан ұшып келген қазақстандық стюардесса Кувейтте жансақтау бөліміне түсті: жақындарын танымай қалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy kazpress-ке сілтеме жасап.
25 жастағы бортсеріктің жағдайы күрт нашарлап, белгісіз дертке шалдыққан. Қазақстандық дипломаттар оны қайта ауруханаға жатқызуға көмектесті.
Оқиға туралы әлеуметтік желіде Қайрат Бермұханов есімді қолданушы мәлімдеген.
Оның айтуынша, рейстен кейін қыздың ғана емес, экипаждың басқа мүшелерінің де денсаулығы сыр берген. Олардың дене қызуы көтеріліп, бастары қатты ауырған.
Стюардесса екі күн жансақтау бөлімінде жатқаннан кейін жағдайы жақсарған. Алайда бірнеше күннен соң денсаулығы қайта нашарлап, айналасында не болып жатқанын түсінбей, жақындарын танымай қалған.
Осы жағдайға байланысты Қазақстан дипломаттары араласып, қызды Кувейттегі ауруханаға қайта жатқызуға көмектескен. Дәрігерлер бірнеше ықтимал диагнозды қарастырып жатыр. Алайда аурудың нақты себебі әзірге белгісіз.
Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, отандасымыз дәрігерлердің бақылауында. Жағдай министрліктің бақылауына алынған.
