«Обал-ай»: Ақмола облысында шетелдіктер мінген екі ірі көлік 15 машинаны жарға аударып алды

Автор: Бақыт Шынар

Алдын ала болжам бойынша, бірінші келе жатқан ірі көлік мұздан тайғанап кеткен

Фото: скриншот, Ақмола облысының полиция департаменті

Бүгін, 13 қараша күні Ақмола облысында жол апаты тіркелді: жаңа көлік тасымалдайтын екі FAW көлігі бір-біріне соғылып, Қорғастан Ресейге апара жатқан 15 жаңа көлікті жарға аударып алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиға орнынан видео таратқан.

Болжам бойынша, екі FAW көлігі Қорғастан Ресейге қарай 15 жаңа көлік апара жатқан. Ақмола облысының шекарасына, Астана-Атбасар – Жақсы жолының аумағына келгенде бірінші келе жатқан жүк көлігі мұзға тайып, оның артына екінші FAW соғылған.

«Жол апатының салдарынан Қорғастан Ресейге апара жатқан он бес жаңа көлік жыраға құлап кетті. Жараланғандар жоқ», - деп хабарлайды Ақмола облысының полиция департаменті.

Айта кетейік, өкінішке қарай соңғы айларда Ақмола облысының тас жолдарында адам шығынына әкеп соққан бірнеше ірі жол апаты тіркелген. 

Мәселен. қарашаның басында Астана – Петропавл тасжолында болған жаппай жол апатынан үш адам қаза тапты. Марқұмдардың арасында Петропавл қаласындағы №2 емхананың қызметкері Айгүл Жуандықова мен оның жұбайы да болған. 

Бұл апаттың алдында тағы да сол Астана-Петропавл автожолында патруль көлігімен жол жұмысына арналған техниканы бастап бара жатқан полицей жол апатына тгүсіп, ауруханада көз жұмды. .