Мойынын осып тастаған: Астанада балабақша қызметкері ерекше балаға қол көтерген
Оқиға мемлекеттік балабақшада болған
Астанадағы мемлекеттік балабақшаның педагог-көмекшісі ерекше балаға қол көтеріп, жарақаттаған. Бұл туралы баланың әпкесі мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, елордадағы №87 «Қадыр» мемлекеттік балабақшасына баратын сіңлісі бірнеше айдан бері тәрбиешілерінен таяқ жеп жүрген. Күні кеше тағы да балабақшадағы педагог-ассистент балаға қол көтерген. Бүлдіршіннің мойынында тырнақпен осып алғандай іздер қалған.
Оның айтуынша, қызметкер бала қашып кетуге тырысқан кезде оны абайсызда қолымен қағып кеткенін айтқан.
«Бірінші рет осылай болғанда, көз жұма қараған едік. Бірақ кеше тағы да қайталанды, педагог-ассистент ашықтан-ашық жасады. Полицияға арыз жаздық. Білім басқармасы шара қабылдасын. Біз айта-айта шаршадық. Балабақша бізге құлақ аспайды», – деп жазды баланың туысы желіде.
Ол жауапты органдардан жағдайға назар аударып, тиісті шара қабылдауды сұрады.
Полиция істің тіркеліп, қазір қылмыстық іс ашылғанын мәлімдеді.
«Аталған факті бойынша Астана қаласы Есіл ауданының Полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр»,- деді ПД.
Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.