Қызылордадағы сауда орталығын тарақандар басып кетті

Тұрғындарды шошытқан жәндіктер сауда орталығына тауар қаптамаларымен кіруі мүмкін

Қызылордадағы сауда орталығын тарақандар басып кетті
Фото: istockphoto.com

Қызылордадағы сауда-ойын-сауық орталығында тарақандар қаптап, келушілердің алаңдаушылығын туғызды. Жәндіктер түсірілген видео әлеуметтік желіде тарады. Осыдан кейін сауда орталығының әкімшілігі жағдайға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды  Azattyq Rýhy.

Әлеуметтік желіде жарияланған видеодан сауда орталығының бірінші қабатында тарақандардың жүргенін көруге болады. Кадрлар желі қолданушыларын алаңдатып, нысандағы санитарлық талаптардың сақталуына қатысты күмән туғызды.

«Егер бірінші қабатта осындай жағдай болса, екінші қабаттағы фуд-кортта не болып жатқанын елестетудің өзі қиын», – деп жазды желі қолданушыларының бірі.

Тараған видеоға «ARAY CITY MALL» әкімшілігі де пікір білдірді. Олардың мәліметінше, сауда орталығында тарақандарға қарсы өңдеу жұмыстары ай сайын жүргізіледі.

Әкімшілік тексеру кезінде жәндіктердің сауда орталығына сырттан кіруі мүмкін екені анықталғанын хабарлады. Атап айтқанда, жеткізушілер жалға алушыларға тауар әкелетін картон қаптамалар арқылы тарақандар ішке өтуі ықтимал.

Сауда орталығы өкілдерінің айтуынша, жағдай бақылауда. Қазір санитарлық тазалау және дезинфекциялау жұмыстары күшейтілген.

Сондай-ақ әкімшілік келушілерге кері байланыс үшін алғыс айтып, олардың жайлылығы мен қауіпсіздігі басты назарда екенін атап өтті.