Ақтауда ер адам әйелге пышақпен шабуыл жасады

Бұрын сотталған күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Әйелдің телефонын тартып алмақ болғаны болжанып отыр

Ақтауда ер адам әйелге пышақпен шабуыл жасады
Фото: istockphoto.com

Ақтауда әйелге шабуыл жасады деген күдікпен бұрын сотталған ер адам ұсталды. Қазір ол уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлайды  Azattyq Rýhy Lada.kz-ке сілтеме жасап.

Оқиға 9 қараша күні сағат 20:30 шамасында 3А шағынауданында болған. Бейресми ақпаратқа сүйенсек, күдікті әйелге суық қарумен қоқан-лоқы көрсеткен. Шабуылдың мақсаты оның ұялы телефонын тартып алу болуы мүмкін.

Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 191-бабы (тонау) бойынша қылмыстық іс қозғалған.

«Қазір болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр», – деп мәлімдеді полиция департаменті.

Бейресми деректер бойынша, ұсталған азамат – 1991 жылы туған, бұрын сотталған ер адам. Оқиғаның нақты мән-жайы тергеу барысында анықталады.