Петропавл әкімдігінің қызметкері бетперде тақпағаны үшін жарты миллион теңгеден астам айыппұл төлейді
Оның мөлшері - 638 940 теңге
Әкімшілік Кодекстің 425-бабына сәйкес, бұл – «лауазымды тұлғалар карантиндік нормаларды бұзғаны үшін»төленуі тиіс айыппұл, яғни, 230 айлық есептік көрсеткішке тең.
Қоғамдық көліктегі рейд кезінде мемлекеттік қызметші қорғаныс құралдарынсыз жүре берген. Шенеуніктің бетпердесіз рейд жасап жүргені туралы видео әлеуметтік желілерде тез тарап кеткен.
«Құқық бұзушы әкімшілік айыппұл төлеуге келісті. Мұндай жағдайда, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 810-бабына сәйкес, құқық бұзушылық фактісімен және мойындаумен келіскен жағдайда, кінәнің мөлшері 50 пайызға дейін төмендейді,» - деді Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы Самат Барменбаев.
Айта кетерлігі, шілде айының басынан бері аймақта барлығы 283 адамға айыппұл салынды. Айыппұлдардың жалпы сомасы 17 миллион теңгеден асты.