Алматыда полиция ғимаратына мина қойылды деп жалған ақпарат таратқан аула сыпырушы ұсталды
30 жастағы күдікті қамауға алынды

Осыдан бір күн бұрын сағат 20:31-де «102» нөміріне абоненттердің бірі Бостандық аудандық полиция басқармасының ғимаратына мина қойылғаны жайлы хабарлады. Бұл туралы Polisia.kz хабарлайды.
«Саперлер дереу полиция бөлімінде тексеру шараларын ұйымдастырды. Ақпарат расталмады. Жедел бөлімше қызметкерлері қоңырау шалушының жеке басын анықтауға және тұтқындауға бағытталған жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Нәтижесінде, жалған ақпарат таратушы 1990 жылы туған М. есімді азамат (аула сыпырушы) болып шықты. Ол жұмыс орнында достарымен ішімдік ішіп отырып, бұзақылық ниетпен полицияға қоңырау шалып, терроризм актісі туралы жалған хабарлама айтқан», – деді Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары Берік Әбілбеков.
Аталған факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. 30 жастағы күдікті қамауға алынды.