Жамбыл облысында жағдай тұрақталды: облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Қасқабұлақ ауылының тұрғындарымен кездесті
Кездесуге ауылдағы бір топ жастың бұзақылық әрекеті себеп болды
Олар 10 тамыздан 11-не қараған түні жергілікті тұрғындардың бірнеше үйі және кітапхана ғимаратының терезелерін сындырған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Жамбыл облысы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Бұзақылық жасаған жастардың барлығы ұсталынып, ҚР ҚК 293-бабы (бұзақылық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
«Қасқабұлақ тұрғындары әрқашан өздерінің еңбекқорлығымен, ынтымағымен және үлкендерге деген құрметімен ерекшеленеді. Соңғы жылдары мұнда бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Аймақ басшысы әрдайым жергілікті тұрғындардың осы игі қасиеттерін бағалап, облыстың басқа аудандарына барған кезде үлгі ретінде айтып жүреді» делінген хабарламада.
«Біз құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз және қоғамдық тәртіпті бұзғандардың барлығы заң аясында жауап береді. Ең бастысы – қазақстандық қоғамда бейбітшілік пен тыныштық сақталуы керек», - деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.
Айта кетейік, дабыл түсе салысымен бірден оқиға орнына полицейлер, облыс әкімдігінің қызметкерлері аттанған. Жағдай жедел бақылауға алынып, барлық бұзақылар қолға түскен. Қазіргі таңда құқық қорғау органдарының қызметкерлері оқиғаның мән-жайын, кінәлілер мен араңдатушыларды анықтау үстінде. Жергілікті тұрғындардың алаңдауыңа негіз жоқ, олардың қауіпсіздігі толықтай қамтамасыз етіледі.
Бердібек Сапарбаев жастар, әсіресе бұзақылыққа қатысты жастардың ата-аналары арасында тәрбие жұмыстарын күшейту қажеттілігіне назар аударды. Айта кету керек, олардың бірқатары кездесуге арнайы қатысты.