Күдікті – марқұмның бұрынғы күйеуі
Ақтөбеде 26 жастағы әйелдің өліміне қатысты жаңа деректер белгілі болды. Қылмыс 5 қарашада Нұр Ақтөбе ауданындағы үйлердің бірінде болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Диапазон» басылымына сілтеме жасап.
Басылымның мәліметінше, күдікті 31 жаста. Әйелдің өліміне асфиксия, яғни тұншығу себеп болған.
Марқұмның көршілері ештеңе естімегенін айтқан. Алайда қылмыс өздері тұратын подъезде болғанын растаған.
Жақын маңдағы дүкеннің сатушысы әйелдің дүкенге сауда жасауға келіп жүргенін, балабақшаға баратын қызы бар екенін айтқан.
Сондай-ақ кісі өлтіру туралы Threads әлеуметтік желісінде де жазба жарияланды. Қолданушылардың бірі марқұмның өзінің әпкесі екенін жазған. Оның айтуынша, қылмысқа әйелдің бұрынғы күйеуі күдікті. Екеуінің ортақ баласы бар.
«Жігіттер, сендерге не болған? Жап-жас қызды осыншалық қатыгездікпен өлтірді. Өзі түрмеде, ал кішкентай қызы енді жетім қалды. Алла жазасын берсін. Біз үшін бұл – орны толмас ауыр қаза. Мұндайды жауыма да тілемеймін», – деп жазды ол.
Еске салайық, бұған дейін Ақтөбеде 26 жастағы әйелдің өлтірілгені белгілі болған еді. Күдікті ұсталды. Полицияның алдын ала мәліметінше, қылмыс бұрынғы ерлі-зайыптылар арасындағы тұрмыстық жанжал салдарынан болған.
Бұдан бірнеше күн бұрын Ақтөбедегі Неке сарайында тағы бір 26 жастағы әйелді өлтіріп кеткен болатын. Бұл қылмысқа күдікті де ұсталды. Полицияның мәліметінше, ол марқұмның бұрынғы бірге тұрған адамы болған. Екеуінің арасында мекемеде ата-ана құқығынан бас тарту мәселесіне байланысты жанжал туындаған.